Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екібастұздың күйін кешіп отырмыз": Ақтөбеде жатақхана тұрғындары жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

үй
Фото: Ақтөбе облысының тұрғындары

Ақтөбе қаласындағы Ломоносов көшесі 28 үйдің тұрғындары үш күннен бері жылусыз отыр. 63 пәтерлі жатахана тұрғындары жылу бүгін берілмесе, құбырлардың жарылатынын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

56 жастағы Дариға Құдабаева 1-топ мүгедегі. Үш күннен бері үйде сырт киіммен жүріп, солай ұйықтайды. Салқыннан бір бөлмелі терезесі қыраулап, мұз қатып тұр.

“Әкімдіктен көмек сұраймыз. Жылу мәселесін шешіп бермесе, қақаған үйде қатып қаламыз. Үш күннен бері бойым жылыған жоқ. Өзімнің көзім нашар көреді, жүрегім ауырады, демікпем бар”,- дейді Дариға Құдабаева.

Тұрғындардың айтуынша, жылу үш күннен бері жоқ. Үйдің жылыту апараты істен шыққан. Қазір үйде тек үлкендер ғана. Балаларды туыстарының үйіне жіберген.

“Қарайған халық осы үйді паналап отырмыз. Амалдың жоқтығынан, 11 жылдан бері жатақханада күнелтіп келеміз. Әкімдіктен жылу қосуға көмек беруді сұраймыз. Басқа ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Нан сұрамаймыз. Тұрғындар ақшасын жинап, керек қондырғыны алуға әзір. ”,- дейді жатақхана тұрғыны Дағыстан Төлеуғазыұлы.

Бес қабатты жатақхананың ұзақ уақыттан бері күтім көрмегені байқалады. Электр сымдары салбырап, есік-терезе қыраулап тұр.

“Жағдайымыз қиын. Төбеден аққан судан үй құлағалы тұр. Әкімдік комиссия жіберіп тексеруін сұраймыз. Өзім жалғызбасты анамын. Ең төменгі 60 мың теңге жалақыға жұмыс істеймін. Осы үйде тұратындардың дені жағдайы жоқ адамдар. Төбеден кішкентай су ақса үйдің бәрі кетеді. Әжетханаға кіре алмай қаламыз. Үш күн жылусыз отырудың қиын екенін білмейтін шығарсыздар. Бүгін жылу қосылмаса, құбырлар жарылады. Екібастұздың күйін кешіп отырмыз. Балалар көк жөтел. Емізулі бала, мүгедек адам бар. Жағдай өте нашар”,- дейді тұрғын Эльмира Жарылғасынова.

Жұпыны жатақхана тұрғындары көмекке мұқтаж.

“Бұл үй 1980 жылдары теміржолшылардың жатақханасы болды. Ішіндегі бір бөлмелі пәтерлер жұмысшыларға лайықталып салынған. Әрбір сегіз үйге ортақ бір ас бөлмесі, жуынатын жер, әжетхана бар. Ғимарат салынғалы жөндеу көрмеген. Төбеден аққан су төменгі қабатқа дейін жетеді. Жүргізілген тоқтарымыз салбырап тұр. Қайсысы қай үйге тиесілі екенін білмейміз. Әбден ескірген. Тоққа су кетіп, бір жағдай болып қала ма депжанымызды шүберекке түйіп отырамыз”,- дейді жатақхана жағдайымен таныстырған тұрғын Жаңаберген Манасбаев.

үй
Фото: Ақтөбе облысының тұрғындары

Жағдайды қалалық әкімдікке баяндадық.

“Үйдің жертөлесінде элеватор орналасқан. Ол арқылы үйге жылу барады. Оның күтіп ұстауына үйдің тұрғындары жауапты. Сол элеваторда обраткасы істемей қалған. Ол үшін задвижканы ауыстыру керек. Кеше циркуляция болмай қалғаннан жылу түсіп кеткен”, - деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

үй
Фото: Ақтөбе облысының тұрғындары

P.S. Материал дайындалып жатқанда қалалық әкімдік аталмыш жатақханадағы жылу мәселесі шешілгенін хабарлады.

“Ломоносов көшесіндегі 28 үйдің мәселесі қазір аудан әкімдігінің бақылауында. Аталған үйдің тұрғындары істен шыққан құрылғыларды ақша жинап сатып алды. Себебі бұл үйде ешқандай басқару формасы КСК жоқ. Жылу беру пунктіндегі ақау жөнделді және жылу жүйесі қайта іске қосылды”, - деп хабарлайды қалалық әкімдік.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000982-ekibastuzdyn-kuiin-kesip-otyrmyz-aqtobede-zataxana-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty/