Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Менікі екенін түсіндім": 18 жастағы қазақстандық бозбала Венгрияда ұшқыш мамандығын игеруде

Жарияланған күні:

Ануар
Ануар Рысбек. Фото: Ануар Рысбектің жеке мұрағатынан

18 жастағы Ануар Рысбек биыл күзде Венгриядағы Дебрецен университетінің студенті атанды. Қазақстандық бозбала өзі 12 жасынан бері армандаған кәсіби ұшқыш мамандығын игеруде. Ануар Еуропадағы үздік жоғарғы оқу орнына қалай түскені және ондағы білім берудегі ерекшеліктер жайында айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Талдықорғандағы зияткерлік мектептің түлегі оқушы кезінде ұшқыштармен кездесіп, олардың әңгімесінен қатты әсер алғанын айтады. Үлкен жауапкершілікті талап ететін авиация саласына қызығушылығы күн санап артып, бүгінде ол осы салада терең білім алып, тәжірибе жинақтау үстінде.

"Бұл мамандықты 12 жастан бастап армандадым. Бізде мектепте бейсенбі сайын әр мамандықтың өкілдерімен кездесу өтетін. Бір жолы ұшқыштарды шақырды. Ұшқыштармен сұхбаттастық, олардан өзіміз қызыққан сұрақтарға жауап алдық. Мамандық қызық сияқты көрінді. Әрі қарай өзім оқи бастадым. Оқу-білу барысында менің авиация саласына деген махаббатым ашылды. 7 сыныптан бастап ұшқыштардың инструкцияларын, олар жайлы энциклопедиялардан оқи бастадым. Youtube-тан қарадым. Олар туралы толық білген кезде бұл мамандық менікі екенін түсіндім", - дейді Ануар.

Қазақстандық бозбаланың айтуынша, Еуропадағы үздік университеттердің біріне, оның үстіне өзі қалаған мамандыққа оқуға түсу оңай болмаған. Тіпті дайындыққа кедергі келтірмес үшін бір жыл бойы әлеуметтік желіден бас тартқан.

Дебрецен университеті
ЖОО ғимараты. Фото: Ануар Рысбектің жеке мұрағатынан

"Оқуға түсу қиын. Оған ерте бастан дайындалу керек. Бірінші талап – денсаулық. Авиация мамандары отыратын медорталықта бір апта бойы тексеруден өтуге тиіссің. Мен бірінші Қазақстаннан, кейін Венгрияның медкомиссиясынан өттім. Ұшқыш үшін денсаулығында барлығы дұрыс болуы керек. Көздің көруін, мидың белсенділігін бәрін тексереді.

Егер талапкер осы медтексерістен өтсе, одан кейінгі кезең - ағылшын тілінен емтихан. Ағылшын тілін ұшқыштар жақсы білуі керек. Өйткені бүкіл әлемде авиациядағы коммуникация - ағылшын тілінде. Дистпетчерлермен де, борттағы экипаж мүшелерімен де ағылшын тілінде қарым-қатынас жасаймыз. Ағылшын тілінен IELTS 6.0 немесе TOEFL 79 болуға тиіс. Менде IELTS 7.5 болды. Артығымен жетіп тұрды.

Одан кейінгі талап – талапкердің жеке қасиеттеріне қатысты. Өйткені ұшақты басқару өте үлкен жауапкершілік. Ұшқыштың проблема шеше алуы, жұмыс процессін басқара алуы, коммуникативті қасиеттері тексеріледі.

Содан кейін университетке құжат жинау да ұзақ уақытты алады. Себебі көп құжат жинайсыз. Екі-үш сұхбат болады. Соның қортындысы бойынша кандидат өтіп тұрса, онда ұшқыштың оқуға қабылдауы мүмкін. Бірақ түскендердің барі ұшқыш болады деген сөз емес. Өйткені біз жарты жыл сайын сертифиткаттаудан өтеміз. Ұша алу қабілетіміз қаншалықты өсті, соны тексереді. Егер прогресс жоқ болса, немесе кері кетіп жатсақ, шетінен оқудан шығара береді.

Оқуды бітіргенде де бізге ешкім жұмыс беремін деп кепілдік бермейді. Бірақ қазір әлемде ұшқыштар артығымен жұмыс істеп жүргенін білеміз. Әлем бойынша ұшқыштар жетіспеушілігі байқалуда. Күнделікті жүздеген рейс кейінге шегеріліп жатады. Сондықтан егер адам қабілетті болса, жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын", - дейді Ануар.

Ануар осы ретте оқу бітірген соң елге қайту-қайтпауға қатысты ойын айтты.

"Таяқтың екі ұшы бар. Мысалы мамандар оқуын бітіріп, Қазақстанға келсе, оларға елден жұмыс табу қиын. Тапқан күннің өзінде олар өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды. Идеясын жүзеге асыра алмай, қысымға ұшырайды. Сондықтан шетелде қалып кетеді. Елде салыстырмалы түрде алсақ, жұмыс талабы да ойдағыдай емес, айлығы да азырақ. Ал көбісі шетелге кетерінде елге келемін деп кетеді. Себебі отансүйгіштік сезімі бәрібір жібермейді. Менің ойымша, егер қолымыздан келіп тұрса, сол жағдайды өзгертуге тырысу керек", - дейді Ануар.

Десе де, болашақ ұшқыш кәсіби маман атанып, Қазақстанға оралу туралы жоспары да барын жеткізді.

Оның айтуынша, елімізде 63 жасқа дейін ұшуға болады екен. Алайда бәрі ұшқыштың денсаулығына байланысты.

"Ұшқышта бірінші классты медсертификат болуы керек. Болмаған жағдайда лицензиясын тартып алады. Негізі әлемде ұшқыштар ұшқан жалпы сағат санына қарай зейнетке шыға береді. Сондықтан зейнет жасын жас бойынша емес, сағат саны бойынша есептесе жақсы болар еді. Өйткені көбісінің денсаулығы сол жасқа жете бермейді", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001116-meniki-ekenin-tusindim-17-zastagy-qazaqstandyq-bozbala-vengriyada-usqys-mamandygyn-igerude/