Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тойға түйе кіргізіп, шетелден акула алдыру": 2022 жылы желіде қызу талқыланған той видеолары

Опубликовано:

тойхана
Тойхана. Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгінгі таңда қоғамда халықтың қазынасы саналған тойды ерекше етіп өткізуден жарыс ұйымдастырылып жатқандай. Оған дәлел - күнделікті әлеуметтік желіде жарияланып жүрген тойда түсірілген видеолар. KAZ.NUR.KZ олардың ішіндегі ең көп талқыға түскен тұстарын оқырман назарына ұсынады.

Тойға түйе алып кіру

Instagram-да түйені жетектеген ер адам оны той өтіп жатқан мейрамханаға күштеп кіргізуге тырысып жатқан сәттен видео тарады. Кадрлардан жануардың той залына кіргісі келмей, қарсыласқанын, сондай-ақ есіктің аласа болуы себепті түйенің өркеші сыймай, ер адамның әуреге түскенін байқауға болады.

Бұл видеоны желі қолданушылары қызу талқылады.

"Қазір бәрі бір-бірінен қалай асып түссем деп қана ойлайды, біресе тойға көлік кіргізеді, біресе ат. Енді міне түйеге жетті ме?! Қоймайды екен...", "Жануарды қинамасаңыздаршы, ол - сіздерге ойыншық емес", - деп жазады пікір қалдырушылар.

Тойхананың екінші қабатына ат алып кіру

Бүгінде сүндетке отырған ұл баланы қонақтардың алдына атпен алып кіру тойдың сәніне айналған. Бұдан бұрын түйені той төріне шығару қиынға соққанын тамашаласақ, TikTok желісінде тараған келесі видеодан ғимараттың екінші қабатына оп-оңай көтерілген жылқыны байқауға болады.

Бейнежазбаға пікір қалдырған желі қолданушылары аттың әбден тойға төселгенін, адамдардың шуы мен оқыс дыбысқа үйренгенін жарыса жазған.

"Әбден тойға шығып, үйреніп қалған ат қой, жүрісті айтсайшы", "Қор қылды атты", "Адамдарға таңғаламын", "Не керегі бар осының?", "Ат жуас екен", - деген сынды пікірлер жазылған видеоға.

Тойға арнайы шетелден акула алдыру

Ежелден тойға жылқы, ары кетсе түйе соятын елде қонағына акула етін тарту жаңа үрдіс. Елбасына түскі ас дайындап танымал болған атыраулық аспаз Бағдат Қадыров өзінің үйлену тойында қонақтарға бүтін акуладан дәм татқызған болатын. Ол бас аспаз болғандықтан той дастарханына арналған мәзірді толық өзі әзірлеп, тағам дайындау процесін бақылауда ұстаған. Акуланы той қонақтарының алдына Бағдаттың аспаздық өнерде бірге жүрген әріптесі сән-салтанатпен алып шыққан. Теңіз балығы түрлі экзотикалық жемістермен бірге ұсынылған.

Доллардан шапан жабу

Осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік желіде АҚШ-тың Майами қаласында болған қазақ тойында түсірілген ерекше видео тарады. Онда күйеу жігітке АҚШ валютасынан жасалған шапан жабылғанын байқауға болады.

"Американың Майами қаласында қазақтардың үйлену тойы өтті, онда қонақтардың бірі сөздің тура мағынасында айтқанда қымбат сыйлық жасады. Ол толығымен америкалық банкнотадан тұратын қолдан жасалған шапан сыйлады. Мұндайды сіз бұрын көрмегенсіз! Бір шапанға қанша доллар кетті екен?", - делінген видео сипаттамасында.

Тойда ақша шашу

Қазақтың ежелгі дәстүрі шашу әлі күнге кеңінен қолданылуда. Соңғы жылдары тойларда ақша шашу сәнге айналған. Желіде беташар кезінде жаңа түскен келінге, туған күн иесіне, қоныстойда ақшадан шашу шашылған сәттен видеоларды көптеп байқауға болады.

Жақында көпшілікке "Анама" деген әнімен кеңінен танылған өзбек әншісі Атхамбек Юлдашев та қазақ тойында ақшадан шашу шашты. Бұл сәт әлеуметтік желіде тарап кетті.

Әнші видеода "Тойға шашу шашпаса болмайды", - деп бір бума қағаз ақшаны мейрамхана ортасына шашқан. Ал той қонақтары шашуды жарыса жинаған.

Желі қолданушыларының пікіріне сүйенсек, тойда ақша шашу - өзбек халқының дәстүрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000286-toiga-tuie-kirgizip-setelden-akula-aldyru-2022-zyly-zelide-qyzu-talqylangan-toi-videolary/