Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өскеменде Желтоқсан көшесі пайда болады

Опубликовано:

Өскемен
Фото: Өскемен қаласының ақпараттық орталығы

Ертістің жағалауындағы “Ғашықтар аллеясы” орналасқан әдемі көшеге енді жаңа атау беріледі - Желтоқсан көшесі. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімдігі хабарлады.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысы орталығында ескіден қалған көше атаулары жаңарып, қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін жаңғырту қолға алынған. Тіпті орталық алаңға қойылған жаңа жылдық бас шыршаның өзі ұлттық ою-өрнекпен безендіріліп келеді.

Енді Өскеменде Желтоқсан көшесі, ол көшенің бас жағында “Желтоқсан алауы” атты биіктігі 5 метрді құрайтын скульптуралық-композиция бой көтереді. Композицияда намыс пен жастар рухын көрсететін мәңгілік алау және алауды бойлай ұшқан еркіндік пен тәуелсіздік символы қыран бейнеленген.

Шығармашылық жұмыстың авторы - семейлік Нұрбол Қалиев.

Бұл өткен жылы көтерілген тақырып. Желтоқсаншы жерлестеріміз былтырғы кездесуде Өскеменге осындай бір мүсін, тіпті көшенің ауадай қажет екендігін алға тартқан еді.

Қала әкімі желтоқсаншылардың өтінішін басты назарға алып, жыл ішінде көше және монумент мәселесін шешіп үлгерген.

“1986 жылы Өскеменде де жастар оянған, Сәбиралар қыршынынан қиылған. Осы ұсынысты ескере отырып, биыл көше атауын беруді өз парызымыз санадық”, - дейді Жақсылық Омар.

Желтоқсан атауы берілген ол қай жердегі көше десеңіз, айтып өтейік. Қабанбай көшесінен басталып Ертіс жағалауын бойлай “Бәйтерек” орналасқан шеңберге дейінгі аралықтың бұрын атауы жоқ болатын. Енді Желтоқсан көшесімен жүйіткіп бара жатып, “Желтоқсан алауы” мүсіндік композициясына тағзым етіп өтетін боламыз.

Желтоқсан көшесі және жаңа мүсіндік композиция 16 желтоқсан күні ашылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001677-oskemende-zeltoqsan-kosesi-paida-bolady/

pixel