Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Startuphana: Елімізде қазақ тіліндегі алғашқы ірі IT-фестиваль өтті

Опубликовано:

Кездесу
Фото: Astana Hub баспасөз қызметі

Елімізде қазақ тіліндегі алғашқы ірі IT-фестиваль өтті. Астанада өткен іс-шара қазақ тіліндегі ІТ-контентті дамытуға бағытталды.

«Startuphana IT саласында қазақ контентін дамыту, қазақ тілді IT-мәдениетті қалыптастыру жолында еңбектеніп жүрген ақпараттық технологиялар cаласының мамандары мен кәсіпкерлер қауымдастығын қолдау мақсатында өткізілді. Қазақша IT-өнімдердің қоғамнан өз орнын алуы, азаматтардың талғамынан шығуы – стартаптардың бәсекеге қабілетті екенін білдіреді. Осы ретте, біздің талантты жастарымыздың ІТ-саласына ұмтылып жатқандығы қатты қуантады», - деді форумның ашылу салтанатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Кездесу
Фото: Astana Hub баспасөз қызметі

Форумда табысты стартапшылар мен IT-мамандар, блогерлер мен мотиваторлар бизнес және DIGITAL саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, стартаптар, маркетинг, NFT және т.б. тақырыптарды талқылады.

Мәселен, 2016 жылы шетелге кетіп, Кремний алқабын бағындырған ІТ-маман, қазірде АҚШ-та әйгілі LinkedIn желісінде аға инженер қызметіндегі Мақсат Қадыров ІТ-салада жетістікке жету тәжірибесі туралы презентациясын қазақтың мақал-мәтелдері негізінде ұсынды.

Бағдат Мусин
Бағдат Мусин. Фото: Astana Hub баспасөз қызметі

«Қазір біздің елде айти-мамандар үшін түрлі құралдар бар, жақсы жағдай жасалған. Мысалы, Астана хаб - сондай құралдардың бірі. Егер бұрын осындай мүмкіндіктер болғанда, мен басқа елге кетпес те едім. «Есің барда, еліңді тап» дегендей, мен LinkedIn-нен кетемін деп шештім, қайтадан Қазақстанға ораламын», - деп, алдағы жұмыс жоспарымен бөліскен Мақсат Қадыровтың сөзін жастар қошеметпен қабылдады.

Сонымен қатар спикерлердің қатарында «Qamalladin Media» иесі және негізін қалаушы Абылайхан Қамалладин; Yessen & Company халықаралық консалтингтік фирмасының басқарушы серіктесі Азат Есенов; TTС бұлттық және спутниктік технологиялардың өнім менеджері Жігер Қайратұлы; контент-мейкер, кәсіби фотограф, блогер Фархад Молдаш; танымал инстаграм және youtube-блогер Біржан Әшім және т.б. болды.

IT-ағартушы, қазақ тіліндегі «IT-тірлік» журналының авторы және құрастырушысы Тимур Бектұр АҚШ-тың Бостон қаласынан онлайн қосылып, инноваторға айналу жолдары туралы әңгімеледі. Ал Astana Hub қызметкерлері Дәулет Беймурзинов мен Әшімбек Әбілғазинов ІТ-стартап жасау барысында қажетке жарайтын оқыту бағдарламалары туралы баяндады.

«Startuphana – бұл қазақ тілінде өтіп жатқан еліміздегі алғашқы ірі ІТ-фестиваль, сондықтан бұл іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта біздің ортақ болашағымызға оң әсерін тигізер осындай іс-шаралар көбірек ұйымдастырылады деген үміттемін», - деді форум спикерлерінің бірі, ҚР ҰБ блокчейн орталығының басшысы Айдана Қасқырбек.

Кездесу
Фото: Astana Hub баспасөз қызметі

«Startuphana туралы әлеуметтік желіден білдім және осында келгеніме қуаныштымын. Себебі бүгінгі спикерлерді тыңдап, ІТ-саласында қандай мүмкіндіктер бар екенін білдім және өзімнің болашағыма қажетті бағдар алдым», - дейді форум қатысушысы Әли Қонысов.

Еске салсақ, Startuphana Digital Fest-ін Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001692-startuphana-elimizde-qazaq-tilindegi-algasqy-iri-it-festival-otti/

pixel