Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкімге жалтақтағымыз келмейді": Қос жанарынан айырылған екі ғашықтың махаббат хикаясы көпшілікті сүйсінтті

Опубликовано:

Нұрсұлтан мен Қолғанат бағдарлама эфирінде
Нұрсұлтан мен Қолғанат. Фото: АйнаLine жобасы

Тараздық Нұрсұлтан Ақбаев пен Қолғанат Оңғарбаева - көру қабілетінен толықтай айырылған жандар. Тағдырдың ауыртпалығына мойымаған екеуі бес жыл бұрын шаңырақ көтеріп, бүгінде бір қыз баланы тәрбиелеп отыр, деп жазады АйнаLine бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қолғанат 1989 жылы Қарақалпақстан автономиялы республикасында дүниеге келген. Қазақстанға 13 жасында нағашысымен бірге көшіп келіп, 2002 жылдан бері ел азаматтығын алған. Қолғанаттың ата-анасы қайтыс болған, ол үйіндегі жалғыз перзент.

"16 жасыма дейін көзім аз болса да көретін. Бірақ сол көру қабілетімді сақтай алмадым. Өзіме дұрыс қарамағандықтан шығар... Уақыт өте келе денсаулығыма осылай зиян келді. Көзімді қаратуға мүмкіндік болды, бірақ ота жасату үшін кеш еді. Ешкім көзімнің көріп кететініне кепілдік бере алмады. Кейін Тараздағы "Болашақ" арнайы мектебінде тоғызыншы сыныпты бітірдім. Көзім алғаш көрмей қалғанда қатты депрессияға түсіп, ешкіммен араласпай, бірнеше жыл үйден шыққан жоқпын. Уақыт өте келе мүмкіндігі шектеулі жандар арасында байқауға қатысып, бірінші орын иелендім. Мені өмірге деген құлшыныс сақтап қалды", - дейді Қолғанат.

Ал отағасы Нұрсұлтан Ақбаевтың көзі туабітті көрмейді. Ол кішкентайынан көзі көрмейтіндерге арналған арнайы балабақшада, оқу орнында білім алған.

Нұрсұлтан мен Қолғанат ортақ достары арқылы кітапханада танысқан. Таныстық соңы ғашықтық сезіміне ұласып, екеуі отбасын құрған. Бүгінде олар өздерінің жеке кәсібін ашуды мақсат етуде.

"Екеуміз де техникалық білім алу үшін оқуға түстік. Алдағы уақытта ешкімге жалтақтамай, өз күнімізді өзіміз көріп, бизнес ашсақ деген жоспарымыз бар", - дейді Қолғанат.

Үш жыл бойы сәби сүйе алмаған ерлі-зайыптылардың кішкентай қызы да өсіп келеді. Бірден асқан сәбиді дерт айналып өтпеген. Оның жанарында да нұр жоқ. Қазіргі таңда олар мемлекеттік портал арқылы кішкентай қыздың көзіне ота жасатуды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002059-eskimge-zaltaqtagymyz-kelmeidi-qos-zanarynan-aiyrylgan-eki-gasyqtyn-maxabbat-xikayasy-kopsilikti-suisintti/

pixel