Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Омар Жәлел: Бүкіл елдің мерейін көтеретін бала көпбалалы отбасынан шығады

Опубликовано:

Омар Жәлел
Скриншот: Youtube/Қасқа жол арнасы. Омар Жәлел, абайтанушы

Абайтанушы-филолог Омар Жәлел елдің мерейін көтеретін бала сол көпбалалы отбасынан шығатынын айтты. Ол елімізді адам санымен толтыру керектігін NEGE.KZ сайтына берген сұхбатында айтты.

– Әлеуметтік желіде сізді тыңдайтындардың дені әйелдер екен. Сол сияқты бетпе-бет оқитын дәрістеріңізде де қыз-келіншектер көп. Сондай кездесудің бірінде "Қазақ әйелі көп бала тусын" депсіз. Бұл пікірді неге сүйеніп айттыңыз?

– Біздің қазір айтып отырған нәрсенің бәрі сырттан келген идеология. "Бір қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады" деген қазақтың өз идеологиясы бар. Бұл – кәдімгі фундаменталды түсінік. Қазір жас отбасылар "бір балалы болып едік, үй алдық, екіншісін өмірге әкелдік – көлік алдық, үшіншісі келгенде бизнесіміз жүріп жатыр" дейді. Бұл – қазақтың баю технологиясы.

Сонымен қатар абайтанушы сұхбат барысында халық санының көбеюі не үшін пайдалы екеніне де тоқтала кетті.

"Қазақта "Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт. Бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт" деген мақал бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы "Жұрт - бүгіншіл, менікі - ертең үшін" деген жоқ па? Қазір мәселені бір-ақ нәрсе шешеді. Ол – демография. Бізге көбею керек.

Қазақ тағы да "Сабан бол, шөп бол, қалайда көп бол" деген. 1,5 млрд қытай көптігінің арқасында әлемде экономика бойынша екінші орынға шықты. Үндістан да солай. Өз нарығы өзінің ішінде. Тұтынушы да, өндіруші де өздері.

Ал біздегі 19 млн халықтың он миллионы ғана қазақ. Не өндіріс жоқ, не бизнес жоқ. Ең бастысы, елімізді адам санымен толтырмасақ, жерімізден айрылып қалуымыз мүмкін. Қазақ "Бос жатқан жер жау шақырады" деген.

"Тәңірі жаратқан тоқты аштан өлмейді" дегенді де қазақ айтқан. Бәлкім, он баланың ішінен ертеңгі президент, министр шығар. "Атадан алтау туады, алтаудың ішінен бір абадан туады" дейді ғой. Бүкіл елдің мерейін көтеретін бала сол көпбалалы отбасынан шығады", - деді Омар Жәлел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003573-omar-zalel-bala-tappaityn-aiel-bolmaidy-turaryn-ait/

pixel