"Түнімен ұйықтамайды": шымкенттік көпбалалы ана кенжесінің өмірін сақтап қалу үшін елден көмек сұрайды
Жарияланған күні:
Шымкенттік Айдана Рахманбердиева бесінші баласы Омар Мақсұтұлының еміне елден көмек сұрайды. Бір жас төрт айлық сәбидің миынан анықталған поликистозды емдеу үшін жақын арада оған төрт ота жасалуы керек. Одан бөлек, Омардың төрт айлық кезінен көзі көрмейді. Сонымен бірге сәбиге окклюзиялық гидроцефалия, ұстама, эпилепсия сынды бірнеше диагноз қойылған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Небәрі 26 жастағы келіншек ұлы Омардың туа сала жарақат алғанын, миына қан құйылғанын айтады. Сонымен қатар, әйелдің айтуынша, ұлының миында оннан аса киста (жалбыршақ ет) анықталған. Дәрігерлер Омарға жақын арада ота жасатпаса, күн санап өсіп жатқан ет тыныс жүйесіне де зақым келтіруі мүмкін екенін ашық айтқан.
"Миындағы киста қауіпті жерлерде, ұстама ошағында, дене температурасын реттейтін ми бөлігінде өсіп жатыр. Дәл қазір сізбен сөйлесіп отырғанымда ұлымның ұстамасы ұстап жатыр. Түнімен ұйқы жоқ, дәрісін беремін, соңғы кезде түнде мүлде ұйықтамайтын болды. Күндіз шамалы көзін іліп алады", - дейді Айдана.
Айта кетейік, жас ананың тұңғышы жетіде болса, одан кейінгілері мектеп жасына да толмаған. Омар Айдананың ең кенже ұлы екен.
Айтуынша, Омардың көзі төрт айлығынан бастап, ота жасаған соң көрмей қалған. Айдананың сөзінше, баланың бас миы мен көру жүйкесінің тамыры зақымданған болуы мүмкін. Оған келіншек дәрігерлердің қолынан жарақат алуы себеп болғанын алға тартады.
Бұған дейін Омарды ата-анасы Алматыға дәрігерге бірнеше рет әкеліп көрсеткен. Сондай-ақ олар ресейлік дәрігердің онлайн кеңесін алған. Олар бұл ауруды Түркия дәрігерлері емдейтінін айтып, жөн сілтеген. Ал былтыр тамызда Түркиядағы емханада Омардың миына шунт қойылған. Оның 12 миллион теңге шамасындағы ақысын клиниканың өзі көтеріп алған.
Айдана ұлы Омардың сауығып кететініне сенімді. Сәбиді алда төрт ота күтіп тұр.
"Стамбулда дәрігерлер бізге төрт ота жасаймыз, ауруханада кемінде 60 күн жатасыңдар деді. Біздің ота мен ем үшін 52 миллион теңге қажет. Бес айынан бастап өсіп жатқан миындағы киста емделсе, көзінің еміне де кірісер едік. Дәрігерлер отаны жақын арада жасатпаса, киста кез келген уақытта тыныс жолдарын жауып қалуы мүмкін екенін айтты", - дейді Айдана.
Омар Мақсұтұлының еміне көмек беру үшін төменде реквизиттер берілген:
Kaspi/Halyk - 8 747 502 96 96 Айдана Р (анасы)
Kaspi Gold: 4400 4301 6525 4167 Айдана Рахманбердиева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004319-tunimen-uiyqtamaidy-symkenttik-kopbalaly-ana-kenzesinin-omirin-saqtap-qalu-usin-elden-komek-suraidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.