Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда "McDonald’s" желісінің жабылуына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Ауыл шаруашылығы министрлігі McDonald`s мейрамханалар желісінің Қазақстаннан кету себептерін түсіндірді, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.
Ведомствоның мәліметінше, McDonald's мейрамханалар желісі ресейлік ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етілген әрі онда компанияның ірі тарату орталықтары болған. Десе де ауыл шаруашылығы министрлігі McDonald's-тың Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындағанын айтады.
Сонымен қатар, құзырлы орган McDonald's өкілдері алдағы уақытта қазақстандық өнімге көшуге дайын болғанын атап өтті. Бұған қоса үкімет ел аумағындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу мақсатында, басқа елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдету әрі жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын болғаны анықталды. Мүдделі мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша бірқатар кеңестер де өткізген.
"Алайда, отандық өндірушілердің компанияның жоғары стандарттарын енгізуі белгілі бір уақытты алды. McDonald's өкілдерінің өтініші бойынша, жергілікті шикізатқа көшкенге дейін Қазақстан үкіметі ел аумағындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу үшін үшінші елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдетуге және жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын болды, сондай-ақ қазір де дайын.
Мүдделі мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша бірқатар кеңестер де өткізді. Осы уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald's талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмысты бастады және 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын", - деп жазылған хабарламада.
Десе де ауыл шаруашылығы министрлігі McDonald's-тың жабылуына байланысты жоспарланған аудит жүзеге асырылмағанын жеткізді.
"Айта кету керек, бұл компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттаудан өту керек, бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң және қымбат талаптар қойылатынын білдіреді: мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство ұсынған мәліметтерде, Қазақстан еттің барлық түрі бойынша өз ішкі нарығын толығымен қамтамасыз етіп отырғандығын айтылады. Мәселен, соңғы деректер бойынша, 2022 жылы Қазақстанда еттің барлық түрі бойынша 1,06 млн тонна ет өндіріліп, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 0,4 пайызға өскен. Оның ішінде жылқы етінің өндірісі ең үлкен өсімді көрсетсе – 4,3 пайыз, құс еті 3,1 пайыздық өсімді көрсеткен.
"АӨК-ке инвестициялар тарту елдің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 3,6 млрд доллар болатын 38 жоба іске асырылып, кейбірі пысықталып жатыр. Оның ішінде мал шаруашылығы саласында ет өндіру және өңдеу, өсімдік шаруашылығында қарқынды бақтар, модульдік жылыжай кешендері, томат пастасын өндіру және т.б. жобалар бар", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін McDonald's мейрамханалар желісі Қазақстанда өз жұмысын тоқтатқанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004487-auyl-saruasylygy-ministrligi-qazaqstanda-mcdonalds-zelisinin-zabyluyna-qatysty-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.