Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аватарды" қазақша сөйлеткен дубляж режиссері: Тіл өзімізге ғана керек

Опубликовано:

"Аватар: Су жолы"
Фото: Getty Images / SOPA Images / Contributor

Ел кинотеатрларында әйгілі Джеймс Камеронның "Аватар: Су жолы" фильмі қазақ тілінде көрсетілуде. Ресми дистрибьютордың мәліметінше, қазірдің өзінде қазақ тіліндегі сеансты 42 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі "Аватарды" қазақ тілінде сөйлеткен дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевпен тілдесіп, фильмнің қалай дыбысталғаны, бұл процесстегі қиындықтар мен қызықтар туралы әңгіме өрбітті.

Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, "Аватар: Су жолы" фильмі – ол үшін ең күрделі жобалардың бірі болған.

"Мен 20-дан астам фильм жасадым. Оның ішінде анимация, музыкалық жобалар бар. Бұлардың арасында "Аватар" - ең күрделілердің бірі болды. Жанрдың өзі оңай дүние емес. Екіншіден, фильмнің хронометражы - үш жарым сағат. Үшіншіден, фильмнің ішінде бірнеше тіл қабысады, негізгі кейіпкерлер ағылшын және нави (фильмдегі Пандора планетасының тілі – ред.) тілінде сөйлейді. Нави ойдан шығарылған халық болғандықтан, олардың рухани, діни танымын біздің тілге келтіріп, қазақшалау оңай дүние болған жоқ. Біз үшін челлендж болды. Бірақ керемет шығармашылық топтың көмегімен жақсы нәтижеге жеттік деп ойлаймын", - дейді дубляж режиссері.

Аватар: Су жолы" фильмін дубляждаған команда
"Аватар: Су жолы" фильмін қазақ тілінде дубляждаған команда. Фото: Шах-Мұрат Ордабаевтың жеке мұрағатынан

Фильмдегі басты кейіпкер - Джейк Саллиді актер Қобыланды Болат, Зои Салдананы Шехназ Қызықанова дыбыстайды. Фильмнің қазақ тіліндегі дубляжына шамамен 45 күн кеткен.

Айта кетерлігі, дубляж актерларын Disney өзі бекіткен.

"Disney-дің бұрыннан келе жатқан жүйесі бойынша, қай фильмді дубляж жасамасақ та, өндіруші компания фильмнен үзінді жібереді, біз сол видеодағы дауыс ырғағына сай келетін әртістерді шақырамыз. Мысалы Джейкті дыбыстау үшін 6-7 әртіс шақырдық, ең жақсы дегендерін Диснейге жібердік. Актерді олар өздері бекітеді. "Міне, мынау Джейктің дауысына келіп тұр", деп шешім қабылдайды. Негізі біз былтыр тамыз айында 2009 жылы шыққан "Аватарды" дыбыстап тастағанбыз. Оны кинотеатрлар азғантай уақыт көрсеткен болатын. Қобыландыны, Шехназды сол кезде бекіткен. Біз өз бетімізбен басты кейіпкерлерді таңдай алмаймыз, тек қосалқы кейіпкерлерді бекітеміз", - дейді Шах-Мұрат Ордабаев.

Оның айтуынша, Аватарды дыбыстаған актерлер әрі қарай да сол кейіпкерлерді дубляждайды.

"Мысалы, Қобыланды мен Шехназ бірінші Аватардың кастингіне қатысты да, екінші Аватарға кастингсіз өтті. Егер үшінші Аватарды қазақ тіліне дубляж жасау керек болса, олар автоматты түрде өз кейіпкерлерін дыбыстайды", - дейді дубляж режиссері.

Режиссер фильм дубляждауға премьерасы болғанға дейін бірнеше ай бұрын берілгендіктен, оның сюжетіне қатысты ақпарат көпке таралып кетпеуі тұрғысынан қауіпсіздік жағы қатты қадағалауда болғанын айтуда.

"Уақыт тығыз болды. Фильмнің қауіпсіздік деңгейі өте жоғары болды. Өйткені бұл фильм кассада үлкен табысқа ие болады деген жорамал жасалды, сондықтан қауіпсіздік жағы қатты қадағаланды. Ол біздің жұмысымызды қиындата түсті", - дейді Шах-Мұрат Ордабаев.

"Аватар: Су жолы"
Коллаж: NUR.KZ / Instagram / meloman_afisha / shekhnaza_k

Осы орайда дубляж режиссері қазақтілді көрерменге өзінің сәлемін де жолдады. Ол қазақтілді дубляж сияқты бастамалардың тек қазақстандық көрерменге ғана қажет екенін айтып, қазақ тілін қолдауға шақырды.

"Аватар: Су жолы"
Коллаж: NUR.KZ / Instagram / meloman_afisha / kobylandy_bolat

"Тіл өзімізге ғана керек. Фильмді түсіріп жатқан киностудияға да, оны көрсетіп жатқандарға да керегі жоқ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында өз елімізде өз тілімізді таңдау арқылы қазақ тілін қолдап жүруіміз керек. Сол үшін қазақша спектакль, концерттерге барайық, классик жазушыларымыздың туындыларын оқып жүрейік", - дейді режиссер.

"Аватар"
Коллаж: NUR.KZ / Instagram / meloman_afisha / shekhnaza_k / kobylandy_bolat

Айта кетейік, голливудтық киностудияның еліміздегі ресми дистрибьюторының мәліметінше, соңғы 12 жыл ішінде алғаш рет Қазақстанда қазақ тіліне дубляждалған "Аватар: Су жолы" фильмі кассада абсолютті рекорд орнатып отыр.

"Дубляжды Aray Media Group студиясы жасады. Кино – тілді насихаттаудың тамаша жолы, "Аватар: су жолы" фильмінің қазақ тіліндегі жалпы табысы 69 миллион теңгеден асты. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Қазақ тіліндегі сеанстарды барлығы 42 мыңнан астам көрермен тамашалады", - делінген ресми дистрибьютер парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004892-avatardy-qazaqsa-soiletken-dublyaz-rezisseri-til-ozimizge-gana-kerek/

pixel