Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақша жинап, газетке жазылуға міндеттейді": Ақтөбелік мұғалім мектеп басшылығы тарапынан қысым көріп жүргенін айтты

Жарияланған күні:

мектеп ғимараты
Мектеп ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласындағы №64 мектеп мұғалімі Индира Исмурзина білім ордасында ақша жинау, сыйлық беру тыйылмай тұрғанын айтады. Ағылшын тілі мұғалімінің айтуынша, ұстаздарға кабинет жөндеу, газет-журналға жазылу міндеттелген. Оның шағымына қатысты мектеп директоры мен облыстық білім басқармасы пікір білдірді, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Индира Исмурзина 2021 жылдың қыркүйегінде қала мектебіне Шалқар ауданынан ауысып келген.

"12 жылдық еңбек өтілім бар. Ақша жинауға, сыйлық жасауға қарсы екенімді әрдайым ашық айтамын. Келген жылы кәсіподақ төрайымы "Мұғалімдер күнін жұмысқа жаңадан кіргендер атап өтуге тиіс" деп 3000 теңге салып жіберуімді сұрады. Бірден қарсылық таныттым және мұндай сұрақтармен мазаламауды сұрадым. Кейін директордың орынбасары шақырып: "Жаңадан келген 21 мұғалім ақша жинағанда сен сөйлеп тастапсың, бізде сондай, бұрын мен де сөйткенмін" деді. Ақша жинауға қарсы екенімді ол кісіге де айттым. Газет-журналға жазылуға міндеттейді. Оған ештеңе демей, 3300 теңгеден ақшасын беріп отырмын", - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Индира Исмурзина.

Айтуынша, мектепте тұрақты жұмысқа қалу үшін одан 200 мың теңге көлемінде ақша сұраған. Сынып жетекшісі қызметін қоса атқаратын мұғалім кабинеттердегі есіктің тұтқасын жөндеу, жыртылған линолеумді жамау, бүлінген плинтусты жаңарту және емтихандарда дастархан жасау жұмыстарының да өздеріне міндеттелетінін айтады. 

"Директор келісімшартты үзіп, жұмыстан шығарамын деп отырады. Бұл дұрыс па? Мұғалімге жасалған қысым емес пе?" - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 

Мұғалімнің шағымына орай KAZ.NUR.KZ тілшісіне аталған мектептің директоры пікір білдірді. Мектеп басшысының сөзінше, қызметкерлер жұмысқа конкурспен қабылданады, еңбек заңнамасы негізінде олармен бір жылға келісімшарт жасалады.

Оның айтуынша, келесі жылы мұғаліммен тағы бір жылға келісімшарт жасалып, әрі қарай тұрақты түрде жұмысқа қабылданады. 

"Басшы болған соң жиналыста тәртіпке шақыратыным рас. "Дұрыс жұмыс істемесеңдер жыл соңында келісімшарт созылмайды" деп айтылады. Үш ауысымды мектеп болған соң бала көп. Жиһаз, қабырғалар жиі бүлінеді. Мұғалімдерден жыл соңында кабинетті тазалап кету сұралады. "Ақша жина" деген жоқпыз. Сынып жетекшілері кабинетті дұрыс қарамайды, соны қалпына келтіру айтылады. "Ата-аналарыңыз бар, жұмысшыларымыз бар" деп кішкентай зат болса істеп жіберу талап етіледі. Менде бүкіл мектепте - бір жұмысшы. Кейде орындықтың арты түсіп қалады. Соны бұрап жіберіңдер, кейбір ата-аналарға көмектесіп жіберіңдер деген ұсыныс болады. Міндеттемейміз. Ақша жинау, дастархан жасату болмайды",- дейді №64 мектеп директоры Әліби Латып. 

Ал облыстық білім басқармасы мұғалімнің жазған шағымында келтірілген мәліметтерді құзырлы орган тексеретінін хабарлады.

"Осында көрсетілген мәліметтердің барлығы құзырлы органға тапсыралады", - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы 600 балаға арналған №64 мектепте 1820 оқушы білім алады. Білім ордасында 130-ға жуық мұғалім қызмет етеді.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004987-aqsa-zinap-gazetke-zazyluga-mindetteidi-aqtobelik-mugalim-mektep-bassylygy-tarapynan-qysym-korip-zurgenin-aitty/