Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көліктің бәрі оталмай қалды": БҚО-да тұрғындар бензин сапасына наразылық білдірді (видео)

Жарияланған күні:

БҚО
БҚО Жәнібек ауданындағы жанармай құю бекеті. Фото: KAZ.NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының тұрғындары бензин сапасына қатысты наразылық білдіріп, облыс басшылығына видео жолдады. Олардың айтуынша, Жәнібек ауданындағы жалғыз жанармай бекеті сапасыз жанармай әкеліп, көбінің көлігі жүрмей қалған, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жәнібек – Орал қаласынан 500 шақырым қашықта, Ресейдің Волгоград облысымен шекаралас еліміздің ең батыс нүктесіндегі ауыл. Ауданда 16 мыңдай тұрғын болса да, бір жанармай стансасы жұмыс істейді.

Жәнібек ауданы ми балшық жолымен елге танымал. Президент қатаң тапсырма беріп, үкіметке қадағалауды тапсырса да, жол құрылысы әлі аяқталмай келеді. Жауын-шашын көбейіп, қар мол түскенде бұл ауданның облыс орталығымен байланысы үзіліп қалады. Өткен жылдың қараша және желтоқсан айларында балшықтан ауыр жүк көліктерінің қозғалысы шектеліп, Жәнібек ауданы бірнеше күн жанармайсыз қалып еді.

27 желтоқсан күні "Москвичи" жанармай стансасына Орал қаласынан 38 тонна бензин келген. Осы партиямен келген бензин аудан халқын қиын жағдайға қалдырды. Көлік иелері АИ-92 маркалы бензинге дизель араласқан деп күдіктенеді. Айтуларынша, жанармай нашар жанып, қозғалтқыштары қалыпты жұмыс жасамайды. Жанбаған жанармай мотордың майына өтіп кетіп, картерге дизель иісі бар қалдық жиналған. Сол себепті көбінің көлігі оталмай қалған.

"27 желтоқсан күні 150 литр, 28 желтоқсан 130 литр , 2 қаңтар 40 литр, 8 қаңтар 40 литр, жалпы 360 литр АИ-92 бензинін сатып алыппын. Малды көлікпен бағатын болғасын көп жанармай қажет. Жуырда қайта-қайта бензин болмай қалып, тапшылық көргендіктен жанармай қорын жинап қойып едік. Сапасы мынадай болып шығарын кім білген? Шамамен әр 50 литр бензин жанған соң моторға 2 литрдей дизель май кетеді. Майға дизель қосылған соң сұйылып, көліктің бәрі оталмай қалды. Әр 50 литр сайын мотор майын ауыстырып отыру үлкен шығынға әкеледі. Сондықтан үйде қалған 180 литр бензинді жанармай стансасына кері әкеліп отырмын", - дейді Ұзынкөл ауылының тұрғыны Жанұзақ Хамзин.

Жалпы 200 шақты көлік жүргізушісі бензин сапасына арыздануда. Сапасыз бензин кесірінен жолда қалған тұрғындар да бар.

"5 қаңтар күні Жәнібек ауылынан Орал қаласына жолға шықтық. Көлігіміз іркіліп жүре алмай 150 шақырым жердегі Казталов ауылына жетпей жолда қалдық. Жолшыбай кездескен көлікпен сүйретіп, Казталов ауылына жеткізіп, сапасыз бензиннен багын, форсункаларын тазалаттық. Тіпті көлік салонына да дизель иісі келді. Ол күндері күн жылы болды, қазіргідей салқын болса қайтер едік?!", – дейді жәнібектік Арайлым Мағзомова.

Бұл мәселе бойынша KAZ.NUR.KZ тілшісіне жанармай бекетінің иесі - бұрынғы атауы "Москвичи", қазіргі MegaOilOral ЖШС-ның директоры Серік Есалиев пікір білдірді.

"Мекеме ішінде ішкі тексеріс жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар бензин, май, фильтр ауыстырғанда төлем жасаған чектерін тапсырса, шығындарын өтейміз. Құжаттар жинауды бастадық. АИ-92 бензинінен сынама алып, Ұлттық сараптама және сертификациялау орталығының лабораториялық сараптамасына тапсырдық. Барлық стандарттарға сай деп қорытынды берді. Қай жерден қателік кеткенін анықтауға өзіміз де ынталымыз, басқа бекеттерден арыз жоқ", – дейді Серік Әбуханұлы.

Атап өтсек, бұл компанияның облыс бойынша 32 жанармай бекеті бар.

Мекеме бүгін резервуарды тазалап, жаңадан бензин әкеліп құятын болды. Аудан басшылығы бұл жұмыстарды бақылауға қоғам өкілдерін шақырды.

"Сапасыз бензиннен машинам бүлінді деген азаматтар Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің департаментіне, басқа да қадағалаушы органдарға, сотқа жүгіне алады. Ауданда бұл жанармай бекетінен бөлек аудандық коммуналдық меншіктегі жанармай құю стансасы бар. Оны сенімгерлік басқару беру бойынша жаңа конкурс жариялануда, ынталы кәсіпкерлер болса қатыса алады. Бұған дейін сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер бензин бағасына қатысты шектеу болғасын пайда аз болды деп бас тартты. Сапасыз бензин мәселесі орын алғаннан бері аудан әкімдігі тиісті органдарға хабарлады. "Москвичи" ЖШС-мен күн сайын хабарласып, мәселені реттеу бойынша қолдан келгенше айналысып жатырмыз", - дейді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов.

Жанармай бекетінің алдына жиналған наразы топ облыс басшылығы мен прокуратураға 22 адамның қолы қойылған арыз түсірді.

Авторы: Нұрлыбек Нұрланұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005069-koliktin-bari-otalmai-qaldy-bqo-da-turgyndar-benzin-sapasyna-narazylyq-bildirdi-video/