Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрігерлер тұсау кесті": Атырауда туабітті сал ауруына шалдыққан екі бала аяққа тұрып кетті

Опубликовано:

Тұсау кесу
Тұсау кесу рәсімі. Фото: Гүлмира Ихсанованың жеке мұрағатынан

Атырауда туа бітті сал ауруымен ауыратын екі баланың тұсауы кесілді. Бес жасар Ермұхан мен үш жасар Ахматтың өз бетімен жүріп кетуі екіталай еді. Алайда кешенді оңалту шараларының арқасында балалар бір жылдың ішінде аяққа тұрып кеткен. Оның тұсауын кесуді ата-аналары дәрігерлерге тапсырды, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ата-аналарының сөзінше, "Балалардың церебралды сал ауруы" диагнозы қойылған ұлдар ақ халаттылардың арқасында сауыққан.

"Баламның сал ауруына шалдыққанын екі айында білдім. Сол кезден бастап массажға, оңалту орталықтарына барып, Қазақстанның басқа қалаларынан да ем алып жүрдік. Дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындадық. Сол еңбегіміз далаға кетпей, нәтижесін берді. Баламыз бір-екі адым аттаған кезде қуанышымызда шек болмады. Қазір үйдің ішінде басқа балаларға ілесіп жүгіріп жүр", - дейді баланың әжесі Мария Молдашева.

Тұсауы кесілген бала
Тұсауы кесілген бала әжесімен. Фото: Мария Молдашеваның жеке мұрағатынан

Ермұхан - көпбалалы отбасындағы екінші ұл. Анасы Гүлдараның айтуынша, жүктілік кезеңі қиын өткен. Мезгілсіз қан кетіп, баланы жеті айлығында дәрігерлер жасанды жолмен тудырып алуға мәжбүр болған.

"Баламның өмірін сақтап қалу үшін көп күрестік. 1690 грамм болып туылды, бір ай шамасында ауруханада жатты. Кішкентай кезінде тым мазасыз еді. Оңалту шаралары өз нәтижесін беріп, денсаулығы жақсарды. Бұрын қолын қысып, аша алмайтын. Қазір өздігімен ойыншықтарды ұстап ойнайды, қасық ұстайды, тамақ ішеді. Ендігі үмітіміз - сөйлеп кетсе дейміз. Алда логопед мамандарымен жұмыс күтіп тұр", - дейді баланың анасы Гүлдара.

Үш жасар Ахматтан да анасы үмітін еш үзбеген. Баласының сал ауруымен туғанын ол тек 10 айында ғана білген.

"Туыстарымыз баланың неге еңбектемейтінін, отырмай жүргенін айтып жүрді. Бірақ мен бұған дейінгі төрт баламның да дендері сап-сау болғасын еш уаймыдамадым. Ер бала еріншек болады деп сылтауратып жүрдім. Кейін дәрігерге қаратып, сал ауруы деген диагноз қойған кезде өзім шок алдым. Сол уақыттан бері бармаған клиникамыз, қаратпаған дәрігерлеріміз қалмады. Соның нәтижесінде баламыз үш жасында алғаш тәй-тәй басып барлығымызды қуантты", - дейді Ахматтың анасы Гүлмира Ихсанова.

Атырау облыстық оңалту орталығының мамандарының айтуынша, екі баланың да диагноздары ұқсас. Бір жылға жуық реабилитациядан кейін алғашқы нәтижелер байқала бастаған.

"Мәселен, Ахмат, бір жасқа дейін төсек тартып жатты. Ол өз еркімен тұруды, яғни өзінің денесін басқаруды білмеді. Ата-анасы баланың сауығып кетуі үшін үміт үзбей уақытында бізге алып келді. Балалар алдымен бойын тік ұстауды үйренді. Одан соң отырып, тұруды, күніне бірнеше қадам жасауды меңгерді. Демек баланың қол аяғы жұмыс істеуі үшін миға тиісті сигналдар берілді. Бұл орайда ұстанған негізгі принцп - бала миын белсендіру, бұлшықеттерді қатайту. Көп жағдайда ата-аналар баланың тұрып кететініне сенбейді. Емін соңына дейін жеткізбейді", - дейді орталықтың емдік-дене шынықтыру маманы Қырмызы Төлегенова.

Балаларды оңалту орталығына тірек-қимыл қозғалысын оңалту бойынша жылына 70-ке жуық бала келеді. Олардың арасында жеңіл және аса ауыр түрдегі науқастар да бар.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005348-darigerler-tusau-kesti-atyrauda-tuabitti-sal-auruyna-saldyqqan-eki-bala-ayaqqa-turyp-ketti/

pixel