Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлытау облысының төлтаңбасы желіде сынның астында қалды

Опубликовано:

Ұлытау облысының гербі. Фото
Ұлытау облысының төлтаңбасы. Фото: Instagram/ulytauregion

Ұлытау облысы әкімдігі өзінің Instagram парақшасында өңірдің бекітілген төлтаңбасының эскизін жариялады. Алайда жаңа герб өңір халқына ұнамаған, олар жазба астында түрлі теріс пікірлер қалдыра бастады. Осыдан соң әкімдік конкурс нәтижесі жойылғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Облыс әкімдігі Ұлытау облысының төлтаңбасы бекітілгенін мәлімдеген. Десе де желі қолданушыларына төлтаңбаның бұл нұсқасы ұнамаған.

"13 нөмерлі ұнап еді, технология дамыған заманда мынау таза ұят екен","Бұл эскизден басқа да әдемілері болды ғой, 1 класстың баласы салған сияқты сурет екен", "Ұлытау облысы деген тек қана Ұлытау тауымен ғана шектелмейді ғой, өндіріс саласы, тарихи орындар бар дегендей", "Ұят шаруа болды бұл, "Сол баяғы мазақ", "Нашар таңдау. Мынау бір талғамсыздық болды ау", "Гербтің түрі мынау ма?", "Нағыз дизайнерлер қайда жүр екен", - деп жазған олар.

Айта кету керек, Ұлытау облысы әкімдігі бірнеше ай бойы төлтаңбаның үздік эскиздік жобасына байқау өткізген. Осылайша өңірдің басты рәмізіне республиканың түпкір-түкпірінен 130-ға жуық ұсыныс келіп түскен.

"Барлық эскиз 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Нәтижесінде комиссия мүшелері және көрмеге келген тұрғындар ең үздік 18 эскизді таңдады", - деп жазылған хабарламада.

Бұған қоса облыс әкімдігі төлтаңбаны таңдауға өңір тұрғындары Instagram желісіндегі жергілікті танымал парақшалардың бірінде, дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алғанын айтады. Осыған сай, онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған №15 нұсқа болып айқындалған.

"Жеңімпаз атанған эскиздік жоба жерлесіміз, еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Шахибаден Сейіткеновтың еңбегінің нәтижесі. Ұлытау облысының төлтаңбасы - таулардың бір түсті контурлық бейнесі. Оның төменгі бөлігінде - "ŪLYTAU" деген жазу бар.

Түрлі-түсті бейнеде Ұлытау облысының Төлтаңбасы 2 түсті: қоңыр және көк. Төлтаңбадағы орталық орынды Ұлытау тауларын еске түсіретін сурет алады. Алайда, таулардың бейнесі тек рельефті жаңғырту ғана емес, бұл үлкен көркемдік-эстетикалық образ; бостандықтың символы, болашаққа апаратын жол, рухани өрлеудің символы.

Төменгі жағында орналасқан "ŪLYTAU" жазуы таңбалы тас петроглифтері стилінде бейнеленген. Бұл өз кезегінде, біздің өлкеміздің бай тарихын, халықтың бірлігі мен тұтастығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейді. Ғалымдар таңбалы тасты қазақ халқының алғашқы Конституциясы деп атағаны кездейсоқ емес: мұнда ру өкілдері тастарға петроглифтер ойып, Мәңгілік бауырластықта болуға ант берген" , - деп жазылған хабарламада.

Облыс әкімдігі сондай-ақ тұрғындар таңдаған өңірдің төлтаңбасы Ұлытау жұртының ажырамас өткенін, бүгіні мен болашағын көрсететінін жеткізді.

"Бұдан былай бұл төлтаңба Ұлытау облысының айрықша белгілерінің бірі болады. Төлтаңба эталонын арнайы комиссия бекітті, оның құрамына аймақтағы танымал ғалымдар мен суретшілер, тарихшылар мен педагогтар, құрметті ардагерлер мен қоғам қайраткерлері енді. Комиссияның төрағасы қазақстандық суретші және сәулетші, Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков болды", - делінген хабарламада.

Облыс әкімдігі өңірдің бекітілген төлтаңбасы әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырған соң, конкурс қортындысы жойылғанын хабарлады.

"Конкурс қорытындыларын және сәйкесінше конкурстық комиссияның нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды", - делінген әкімдікдің Instagram парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005983-ulytau-oblysynyn-toltanbasy-zelide-synnyn-astynda-qaldy/

pixel