Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Физикалық күш қолданған": Балалар пансионаттары ісіне қатысты тың деректер пайда болды

Опубликовано:

Алматылық әйел
Видеодан кадр: youtube/NUR.KZ

Бұған дейін Алматыда балалар пансионатының атын жамылып жұмыс істейтін қайырымдылық мекемелерінің қызметкерлері кәмелетке толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр етті деген күдікке ілінгені хабарланған болатын. Алматы полицейлері пансионаттарда жүргізілген тінту кезінде шетелдік діни әдебиеттер мен оқу материалдары, соның ішінде Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған әдебиеттер табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Сол арада бұл жайтқа қатысты тың ақпарат белгілі болды. Алматылық Әлия қызының аталған пансионатта оқып келгенін айтып берді. Айтуынша, қызы өзін оқу орнынан алып кетуді өтінген, тіпті оқудан шығарып алмаса, көпірден секіріп кетемін деп қорқытқан. Ақыры Әлия қызын оқу орнынан алып кетеді.

Сондай-ақ әйел қызының хатын көрсетті. Онда: "Өте жақсы оқыңдар және медреседен кетуді ойлаушы болмаңдар, кетуге тырысқандарыңнан бәрібір түк шықпайды" деп жазылған.

Қыздың хаты
Хат. Фото: NUR.KZ

"Менің қызым тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң діни білім алғым келеді деді. Сол себепті Алматы қаласынан медреселерді сұрастыра бастадық. Біз оның білім алуы үшін бір қайырымдылық мекемені таптық. Оқу қыркүйек айында басталған еді. Сөйтіп оқу ақысын төледік. Алайда біраз уақыттан кейін қызым онда оқығысы келмейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін ұстаздары "қызыңыз оқығым келмейді десе, мән бермеңіздер" деп ескерткен болатын. Мен ұстаздардың сөзіне еріп, қызыма оқуды жалғастыру қажет екенін айтумен болдым", - дейді әйел.

Оның сөзінше, қызы үйіне сирек келе бастаған, ал артынша егер медреседен өзін шығарып алмаса, көпірден секіріп кетем деп қорқытуды шығарған.

"Үйге келгенше жылап келді. Үйде келіп сұрастырған кезде, оған тамақ та, су да бермегенін анықтадық. Сөзіне қарағанда сусыз үш күндей қамаған. Қызым мен оның жанындағы қыз сол кезде бір-ақ нәрсені – осы өмірмен қош айтысуды ғана армандадық дейді. Сол туралы ғана ойлаған. Мен алдын ала төлеп қойғандықтан, оқу ақысын қайтармақ болып директорға хабарластым. Бірақ ол ренжіп, ақшаны қайтармады.

Бес ай өткен соң мен Астанаға діни басқармаға хабарластым, бірақ ондағылар қайырымдылық мекемелері медресеге жатпайтынын айтты. Біз медресе іздеген кезде осы мекемеде ғана бос орын бар еді", - дейді Әлия.

Әйелдің сөзінше, қайырымдылық қорындағылар біреуден қашып жүрген секілді есікті ешкімге ашпайтын болған. Тек оқуға түсу үшін анкета толтыруға келгенін айтқанда ғана отбасыға есік ашқан.

"Анкетаны толтыру кезінде "тұрмысқа шығуға дайынсыз ба" деген сұрақтар бар екенін көрдік. Ол сұрақтар маған ерсі көрінді. "Біз ондай сұраққа дайын емеспіз" дедік. Сол кезде кішкене ойланып қалдым. Ол қандай медресе деп. Қызым медресеге келіп жүрген кезде, біз Қазақстан емеспіз, Орта Азияға жатамыз деді. Қызым ұстаздар не айтса да, соны істеуіміз керек дегенді айтты. Тіпті өл десе соны да орындауы қажет дейді екен", - деп бөлісті ана.

Одан бөлек медреседе күмәнді діни кітаптар да болған, дейді қыздың анасы.

"Онда орамал тағып, орамалмен, ұзын белдемшемен жүру керек. Оқуда намазды қалай оқу керек деген нәрсені үйрететін. Намазды барлығы бірге оқитын. Араб тілін оқытады. Өздерінің діни оқулықтары болды, соны сатып алу керек еді.

Ата-аналарға айтарым, сақ болыңыздар. Ұлдарыңызды, қыздарыңызды ондай мекемелерден аулақ ұстаңыздар. Өйткені олардың көзқарастарының кәдімгі діни көзқарастан айырмашылықтары бар. Дінге жатпайтын өзгеше түсініктері бар. Олар балаларға теріс, жалған ағымды үйретеді", - деп сөзін түйіндеді Әлия.

Ол құзырлы органдардан бұл мәселені бақылауға алып, шара қолдануды сұрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006004-fizikalyq-kus-qoldangan-balalar-pansionattary-isine-qatysty-tyn-derekter-paida-boldy/

pixel