"Сабақтан мүлде қалмайды": 81 жастағы астаналық қария өз еркімен ағылшын тілін үйреніп жүр
Жарияланған күні:

Астана қаласының 81 жастағы тұрғыны Қайыпқали Смағұлұлы ағылшын тілін үйреніп жатыр. Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған ақсақалдың арманы - шетел аралап, саяхатқа шығу, деп хабарлайды "Таңшолпан" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қайыпқали қарияның айтуынша, білім алу үшін ешқашан да кеш емес. Ол қазір Астанадағы Еуразия университетінің жанын ашылған білім ұясында ағылшын тілін үйренуде.
"Жер жүзінде 70 пайыздан астам халық ағылшын тілінде сөйлейді. Жастарымыздың басым бөлігі ағылшынша сөйлейді. Немерелерімнің оқып жүрген тілін мен де үйреніп, соған күш салып, үлгі болғым келеді", - дейді ақсақал.
Ал мұғалімдердің айтуынша, Қайыпқали атай сабақтан мүлде қалмайды және ынтасы мен үлгерімі де жақсы.
"Қайыпқали Смағұлұлы біздің ағылшын тілі курсына екі айдан бері қатысады. Сабақ барысында өзінің белсенділігімен, жауапкершілігімен, қызығушылығымен көзге түскен. Сабақтан қалмайды, барлық тапсырманы уақытында орындайды. Интернет ресурстарын қолдана отырып, өзін өзі дамытуға көп мән береді", - дейді ағылшын тілінің мұғалімі Алтынай Бүркітбаева.
Қария мұғалімдердің сөзін толық түсіну үшін күніне төрт-бес сағат уақытын арнайды. Бүгінде ол 8 бала, 5 немере, үш шөбере сүйіп отырған қария алты техникалық және төрт қосымша мамандықты игерген. Елу жылдық еңбек өтілі де бар. Оның ендігі арманы - шетел аралап, саяхат жасау.
"Менің мақсатым - ағылшынша үйреніп, шетелге шығып, өзге елдердің мәдениетін, экономикасын, саясатын білгім келеді. Соны орындауым қажет", - дейді Қайыпқали Смағұлұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006763-sabaqtan-mulde-qalmaidy-81-zastagy-astanalyq-qariya-oz-erkimen-agylsyn-tilin-uirenip-zur/