jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Әсел Дағжан
Әсел Дағжан
Бұрынғы қызметкер

Алматы облысында ауыл тұрғындары қаңғыбас иттер үшін балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр

Көкөзек ауылындағы қаңғыған иттер
Көкөзек ауылындағы қаңғыған иттер. Фото: Almaty телеарнасы

Алматы облысы Көкөзек ауылының тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Олардың сөзінше, ауылда адамнан гөрі қаңғыған ит көп, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көкөзек ауылы тұрғындарының айтуынша, соңғы уақытта олар көшеде еркін жүріп-тұрудан қалған. Себебі, қаңғыған иесіз иттер ауылды кезіп жүр. Тұрғындар бәрінен бұрын балалары үшін қауіптенеді. Бірі мектепке апару үшін ақша төлеп көлік жалдаса, енді бірі өздері ертіп жүруге мәжбүр.

Ауыл тұрғыны Гүлбану Айдарбекова балаларын сабаққа жібергенде жанын шүберекке түйіп отыратынын айтады. Өйткені, оның төрт баласы да мектепте оқиды.

"Телефонмен сұрап отырамын. Телефоны жоқ балаларым да бар", – дейді көпбалалы ана.

Ал тағы бір тұрғын Айзел Тілеубекова ақылы түрде такси жалдап отыр.

"Иттен қорқып 2-сынып оқитын қызымды мектепке апарып, әкелу үшін көршіме 10 мың теңге беремін. Ауыл ішінде автобус жүрмейді. Айына 10 мың теңге беріп, такси жалдаймыз", – дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындардың айтуынша, бұралқы иттер мал мен жанға шабатынды шығарған. Осыдан 10 күн бұрын бір үйдің бір қора малын қырып кеткен көрінеді.

"Сегіз қойдың алтауын бауыздап, сан етінен жұлып, жеп кеткен. Біреуі ғана аман қалған. Шала жансар жатыр екен. Ал екі қой қашып, аяқтарын сындырып, аман қалған", – дейді Көкөзек ауылының тұрғыны Сәрсенбай Әміре.

Ауыл тұрғындары көше кезіп жүрген иттердің қайсы құтырған, қайсы иесі жоқ, қайсының қаңғып жүргенін болжап білу мүмкін емес дейді.

Елтай ауылдық округі әкімдігінің айтуынша, жыл басынан бері дәл осындай 56 итті аулаған. Десе де ауыл жұрты оның саны әлі де азаймай отырғанын айтады.

"Тұрғын келіп, шағым береді, хабарлама арқылы жіберуге болады. Сұраныс ретінде қабылдаймыз, сол сұраныс түскен күні ветеринарлар келеді. Аптасына екі рет келіп, жұмыс жүргізеді", – дейді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.

Ауыл халқы әкімдікке шағымданғаннан пайда жоғын айтады. Тіпті ветеринарлардың ауыл аралап, ит аулап жүргенін де көрмегенін алға тартты. Олар жазатайым оқиғаның алдын алу үшін заңның күшейтілгенін қалайды.

Алматы облысында ауыл тұрғындары қаңғыбас иттер үшін балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.