Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақпан айында Қазақстанда ауа райы қандай болады: синоптиктер болжам ұсынды

Опубликовано:

Қар
Қала көрінісі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Қазгидромет" РМК синоптиктері Қазақстан бойынша ақпан айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Метеорологтардың мәліметінше, ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысында ауа райы жылы және жауын-шашынды болады. Оңтүстік циклондардың жиі шығуы жауын-шашынның қарқынды түсуіне әкеледі.

Нәтижесінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда жаңбыр, қар жауады деп күтіледі. Ауа температурасы түнде -2...+5 градусқа дейін, күндіз +5...+12 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3...-15 градусқа дейін, күндіз 0...+8 градусқа дейін суытады.

Еліміздің батыс аймақтарында бірінші онкүндікте ауа райы тұрақсыз болып, жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауып, екпінді жел соғуы ықтимал. Ауа температурасының күндіз -3...+5 градус шегінде болады деп болжанады.

Елдің қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында аязды әрі жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Онкүндіктің екінші жартысында солтүстік өңірлерде қар жауып, бұрқасын болып, жел 15-25 м/с дейін күшеюі мүмкін.

Бірінші онкүндікте еліміздің солтүстігінде ауа температурасы түнде -20...-28 градустан -15...-20 градусқа дейін, күндіз -8...-18 градустан -5...-10 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Орталық аймақтарда сынап бағанасы түнде -13...-28 градустан -7...-15 градусқа дейін, күндіз -7...-12 градустан -1...-7 градусқа дейін жоғарылауы ықтимал.

Ал еліміздің шығысында ауа температурасы түнде -15...-28 градус, күндіз -5...-15 градус шамасында болады деп күтілуде.

Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа райы тұрақсыз болады. Атап айтқанда, елдің басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын болады, оңтүстікте жауын-шашын, тұман, көктайғақ болуы мүмкін.

Аталған кезеңде еліміздің батыс өңірлерінде ауа райы түнде -15...-25 градустан -7...-15 градусқа дейін, күндіз -5...-10 градустан -5...+5 градусқа дейін жылынады.

Республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде сынап бағанасы түнде -20...-30 градустан -10...-15 градусқа дейін, күндіз -10...-15 градустан -2...-7 градусқа дейін көтеріледі.

Ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыста күн райы түнде -10...-18 градустан 0...-5 градусқа дейін, күндіз 0...-5 градустан +3...+10 градусқа дейін жоғрылайды деп болжануда.

Жалпы алғанда, ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Десе де, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деген болжам жасалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007597-aqpan-aiynda-qazaqstanda-aua-raiy-qandai-bolady-sinoptikter-bolzam-usyndy/

pixel