"Үлкен сынақ": Ақтөбелік тұрғын екі әйел алуының себебін айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы бойынша "Ауған соғысы ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Марат Қойлыбаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, қоғамда дау тудырып жүрген көп әйел алуға қатысты сұраққа пікір білдірді. Ол өзінің не үшін екінші рет отау құрғанын түсіндірді.
Екі әйелі барын айтқан азаматтың пікірінше, көп әйел алу жағдайға байланысты.
"Менің екі әйелім бар. Бірінші әйеліммен заңды некедеміз. Екі адамды бір үйде ұстау мүмкін емес. Ұстамақ түгілі кездестірмейміз. Бірінші әйелімнен қызым бар. Тұңғышым тұрмысқа шыққан, жиендер өсіп келеді. Екінші әйелім үш қыз, бір ұлды өмірге әкеліп, төрт баланы бағып отыр",- дейді ол.
Ол өзінің екі әйел алу себебін де түсіндіріп өтті.
"Екі әйелдің тілін бірдей табу оңай емес. Ол - үлкен сынақ. Жалпы мұсылманға көп әйел алу парыз емес. Шамаң келсе ғана. Менің екінші әйел алуыма себеп бар. Бірінші әйелім бір қызды өмірге әкелді. Кейін денсаулығы сыр берді. Қазір бір әйелім Алматыда, екіншісі Ақтөбеде тұрады. Алматыға анда-санда барып тұрамын. Олар бір-бірімен араласпайды.Үлкен жеңгең - өте жақсы адам. Маған қарсы келген емес. Жанамалап, мысалмен түсіндіреді. Екеуімен де тіл табысып жүрмін", - дейді ол ағынан жарылып.
Осы тұста Марат Қойлыбаев бала тәрбиесіне қатысты ойын бөлісті. Оның пікірінше, қазіргі уақытта баланы әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр.
"Қазір бала тәрбиесінде кемшін тұстар көп. Барлық құндылықты қаржыға тіреп қойдық. Рухани құндылық, қазақы ұстанымымыз жоғалып барады. Кешегі тоқсаныншы жылдары экономиканы көтеруге күш салдық. Идеологияны жоғалтып алдық. Бүгінде жастардың әскерге барудан қашуының бір себебі сол. Отбасында ақыл айтатын үлкендер жоқтың қасы. Қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болатын ақсақалдар саусақпен санарлық. Баланың бәрі желінің тәрбиесін алып жүр", - дейді Марат Қойлыбаев.
Қоғамдық іске белсене қатысып жүрген азамат соңғы жылдары айналасында өзі байқап жүрген әлеуметтік мәселелер туралы пікірін де айтты.
"Сұрампаздық қазір әдетке айналғандай. Нағыз мұқтаждар есік қағып, босаға жағаламайды. Қарынның қамы емес, ар-намысы үшін өздері еңбек етеді. Екі-үш жерде жұмыс істеп, жеті баласын бағып отырған әйелдер бар. Мұқтаждар жоқ емес. Бірақ оны әдетке айналдырмау керек", - дейді ол.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007883-ulken-synaq-aqtobelik-turgyn-eki-aiel-aluynyn-sebebin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.