Түркиядағы жер сілкінісінен соң үйінді астында қалған қазақстандық бойжеткен аман-есен табылды
Жарияланған күні:
Түркиядағы жер сілкінісінен соң қиранды астында қалған Сабина Мамадиярова аман-есен табылды. Оның қолы сынған, қазіргі таңда ауруханаға апара жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сабинаның құтқарылғаны туралы ақпарат Rescue KZ Telegram-арнасында жарияланды.
Бұл хабарды Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та растады.
"Жоғалып кеткен жастардың туысқандары олардың соңғы тұрақтаған жерін тапқан соң, біздің дипломаттар дереу түрік билігіне хабарласты. Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Ішкі істер министрлігінің басшылығымен байланысып, олар аталған мекенжай бойынша құтқарушылар тобын жіберген.
Қазір біздің отандастарымызды соңғы рет көрген жердегі үйінділерде операция жүріп жатыр. Әзірге тек Сабина Мамадьярованы тапты. Жұмыс жалғасуда, қалған жігіттерді де табады деген үміттеміз", - дейді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сонымен қатар еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Сабина Мамадьяровамен бірге олардың түрік досы Кубилай Кескиннің де аман-есен табылғанын хабарлады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиев Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін үш қазақстандық пен олардың түрік әріптесі байланысқа шықпай қалғанын мәлімдеген еді.
Еске сала кетсек, 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 болатын жойқын жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі көршілер елдерде де оның ішінде Сирияда да сезілді.
Соңғы мәлімет бойынша жер сілкінісі салдарынан Түркияда 8574 адам қаза болған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, бұл - елдегі 1939 жылдан бергі ең үлкен зілзала.
Табиғи апатқа байланысты елде жеті күндік аза тұту күні жарияланды.
Сондай-ақ апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008625-turkiyadagy-zer-silkinisinen-son-uiindi-astynda-qalgan-qazaqstandyq-boizetken-aman-esen-tabyldy/