Түркиядан оралған қазақстандықтар жер сілкінісін қалай бастан кешкенін айтып берді (видео)
Жарияланған күні:
Кеше, 8 ақпанда қазақстандық құтқарушыларды Түркиядағы апат аймағына жеткізген ұшақ бос қайтпай, 18 адамды алып келген. Оның 16-сы – Қазақстан, екеуі Қырғызстан азаматы. Зілзала болған аймақтағы ауыр ахуалды оқиғаның ортасынан келген қазақстандықтар өз аузымен баяндап берді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, кеше түнде қазақстандық құтқарушыларды Түркияға апарған ұшақпен оралған Қазақстан азаматтардың кейбірі зілзала кезінде жарақаттанып, балдақпен оралған. Олар елге аман жеткеніне қуанышты.
Жер сілкінісінің нағыз ошағы – Газиантеп қаласынан келген Айбөбек Нарбекова телеарнаға өз көзімен көргенін бөліскен.
"Ғимараттар құлап кетті. Сол ғимараттың астында қалған әріптесімнің бүгін кешке өлі денесі табылды. Үш сөзбен айтып жеткізе аламын: түсінбейсің, не болып жатқанын, өзіңнің жақындарыңның өміріне деген қорқыныш, ауыр жағдайды еріксіз қабылдайсың", - дейді ол.
Ал ширек ғасырдан бері Түркия мен Қазақстан арасын жол қылып сауда-саттық жасаған Асадулла Арыстанов мұндай апатты алғаш рет бастан кешіргенін айтады.
"Жұмыс бабымен барғанбыз. Аяқ астынан осындай жағдай... 25 жылдан бері барып келіп жүрміз. Бірінші рет осындай жағдайға тап болдық. Адамдардың қорқып, сыртқа жеңіл киініп шығып кеткенін өз көзіммен көрдім. Жұқа жейдесімен, аяғында қонақ үйде беретін жұқа тәпішке", - дейді Асадулла Арыстанов.
Телеарнаның хабарлауынша, аман-сау оралғандар қысылтаяң шақта қолдан келгенді жасаған, жат топырақта қалдырмаған елшілікке алғыс айтқан. Ал Қазақстандағы Түркия елшілігінің мәліметінше, бауырлас халық қолдан келгенше аман қалған азаматтарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008663-turkiyadan-oralgan-qazaqstandyqtar-zer-silkinisin-qalai-bastan-keskenin-aityp-berdi-video/