Түркияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 16 мыңнан асты
Жарияланған күні:
Түркияда жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 16 мыңнан асты. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мәлім етті, деп хабарлайды РИА Новости агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Сонымен қатар Түркия президенті зардап шеккендер санының 64 мыңнан асқанын айтты.
"Қазіргі сәтте қаза тапқандар саны - 16170, ал зардап шеккендер саны - 64194", - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ қоғам арасында Түркия президентінің үндеуіне сын айтыла бастады. Кейбіреулер билік зілзаладан соң баяу әрекет етуде және оған дайындығы нашар болды деп мәлімдеді.
Тайип Ердоғанның өзі кейбір мәселелер бар екенін мойындаған. Алайда оның пікірінше, қазіргі уақытта жағдай бақылауда.
Естеріңізге сала кетейік, 6 ақпан күні таңертең Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды. Ел президенті Режеп Тайип Ердоған айтуынша, бұл зілзала - 1939 жылдан бергі елдегі ең жойқын жер сілкінісі.
6 ақпан күні түстен кейін Түркияда магнитудасы 7,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді.
Төтенше жағдайдан кейін Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту күні жарияланып, табиғи апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді.
Айта кетейік, бүгін Кахраманмараш қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 44 шақырым жерде магнитудасы 4,8 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008797-turkiyada-zer-silkinisi-saldarynan-qaza-tapqandar-sany-16-mynnan-asty/