"Телефондарын тексерістен өткіземіз": Нұрлан имам бес баласын қалай тәрбиелейтінін айтты
Жарияланған күні:
Көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танылған Нұрлан имам бес баласын қалай тәрбиелейтінін айтты. Turkystan.kz басылымына сұхбат берген дінтанушы тәрбие берудегі ұстанатын қағидаларын бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Имамның айтуынша, оның бес баласы бар. Балаларының үлкені - үшінші курс студенті болса, кішісі үшінші сыныпта оқиды екен.
"Баланы өз заманымен тәрбиеле" деген ерте заман ғұламасының ұлы қағидасы бар. Оны ұмытуға болмайды. Ата-бабаларымыз тәрбие беруде қалыс қалған ба? Әлбетте жоқ. Қазақтың психологиясы да өз алдына бір керемет дүние, тәрбиеге міндетті түрде қолданамыз. Өйткені біз – қазақпыз. Бала осыны түсінуі керек. Яғни, өзінің туған елін, жерін, туын, тегін, дінін, ділін, тілін біліп өсуі керек.
Аллаға шүкір, балаларымның үлкені үшінші курс студенті, кішісі үшінші сыныпта оқиды. Бесеуі бес түрлі болса да, бір тәрбие алып жатыр. Анасы екеуіміз балаларымызды патшадай күтіп, құлша жұмсап, сырлас досы болып келеміз. Тәрбие негізінен ата-ананың өзінен басталады. Ал бала сол ата-ананың көшірмесі болады. Себебі, бала көзін ашқаннан ата-ананың істегенін қайталайды, балаға бағыт беруші өзіміз", - деді Нұрлан имам.
Сонымен қатар дінтанушы балаларының өзінсіз дастарханға отырмайтынын, тамаққа қолын созбайтынын атап өтті.
"Құдайға шүкір, балаларымның бәрі туғаннан мейірім көріп, еркелеп өсті. Мен өз әкем мен анама қандай құрмет жасаймын, қалай жақсы көремін, олар да дәл солай бізге құрмет көрсетеді. Менсіз дастарқанға отырмайды. Менен бұрын тамаққа қолын созбайды. Күніге таңда сабаққа барарда бәрі қатар бетімнен сүйіп, келгенде қолымды сүйеді. Аналары осыған тәрбиелеп қойған.
Күнара сабақ үлгеріміне көңіл бөлемін, көңіл күйіне дейін сұраймын. Олар көрген-білгенімен бөліседі. Тәрбиелері жайлы кешкі дастарқан басында жеке өзіміз ақылдасып, бірге дұға етеміз, жоспар құрамыз. Ең бастысы, олардың ойымен санасып, арманын анықтап, мақсатын тыңдап, қажет кезде таңдау жасауға, қажет еместе шешім қабылдауға үйретіп отырамыз.
Міндетті түрде аптасына бір рет ескертусіз ұялы телефондарын жинап, толығымен тексерістен өткіземіз. Әлеуметтік желілер жайлы ақпарат оларға жан-жақты ескертілген. Бұл – біздің тәрбиеміздегі үйреншікті әдебіміз", - деді Нұрлан имам.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010421-telefondaryn-tekseristen-otkizemiz-nurlan-imam-bes-balasyn-qalai-tarbieleitinin-aitty/