Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мені Алла өзі жіберген сияқты": Қарағандылық құтқарушы Түркияда қиранды астынан мылқау адамды алып шыққан

Жарияланған күні:

Думан Камзин
Думан Камзин. Фото: Думан Камзиннің жек мұрағатынан

Түркияда зілзала кезінде өмірін қатерге тігіп, құлаған үйлердің қирандылары арасында жұмыс істеген құтқарушы Думан Камзин басынан өткен ерекше оқиғаны баяндап берді. Қарағандылық жігіт Нурдагы қаласындағы қиранды астынан құлағы естімейтін, мылқау ер адамды кездейсоқ жағдайда тауып алған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қарағандылық Думан Камзин Нурдагыда жұмыс істеген қазақстандық құтқарушылар тобы арасында апаттан аман қалған адамды бірінші болып тапқанын айтады. Алғашында олар қиранды астынан әйелдердің дауысын естіген.

"Негізі сол әйелдерді құтқаруға баруымыз керек еді. Топ жетекшісі маған және астаналық құтқарушы жігітке қиранды ішіне кіруге тапсырма берді. Ойық өте кішкентай болды. Сондықтан рациямызды, бәрін шешіп, тек комбинезон, каскамен кіруге тура келді. Ішке қарай ұңғып кіре бастадық, қайдан шығатынымыз белгісіз. Әрі қарай бір тесікті тауып, одан өте алмайтынымызды түсіндік. Сөйтіп ойықты қолмен үлкейтіп көрдік, болмаған соң жанымдағы әріптесім мені сырттан құрал-жабдық әкелуге жұмсады. Өтіп бара жатып, жолдан тағы бір өткел көріп қалған едім. Мен әріптесіме сол тесікті де қарай салайық дедім. Бірақ әріптесім бірінші бастап кеткен жұмысты аяқтап алған жөн деді. Сол тесікте де біреу бар шығар деген оймен дыбыстап көрдік, ешкім үндемеді. Сырттан сұратқан құрал-сайман келгенше тексеріп көрейін деп шештім де, ішіне кіріп кеттім.

Барлық жерін қарадым. Бір кезде төбе жақтан тесік пайда болды, ол жерді менімен бірге қиранды астына түскен әріптесім ойып жатыр екен. Кенет біреудің терең тыныс алғанын естідім. Мен бастапқыда әріптесім сөйтіп дем алып тұрған шығар деп ойладым. Өйткені шаршаймыз, тізерлеп жүреміз, құралдарымыздың өзі 15-20 келі тартады. Мен одан "терең дем алған сен бе?" деп сұрадым. Ол олай дем алмағанын айтып, тынысын ішіне тартып, үндемей отырды. Тыңдап отырып, аяғымның астынан әлдекімнің терең тыныс алғанын қайтадан естідім. Түнгі уақыт. Жан-жағым қиранды. Сөйтіп сол жерді қаза бастадым. Астымнан темір тор есік шықты. Жұлып алдым. Қарасам тірі адам жатыр. Дем алысы ауыр. Қол-аяғын плита басып қалған", - дейді Думан.

Оның сөзінше, аман қалған адамды табу басқа да, оны қиранды астынан босатып алу бөлек әңгіме.

"Содан тірі адам таптым деп сыртта жүрген әріптестерге хабар бердім. Бәріміз кезекпен темір есікті, плиталарды кесіп, адамды босатып алдық, шамамен 40 минут жұмыс істегендей болдым. Адамды астаналық құтқарушыларға тапсырдық. Олар алып шықты. Көлікке барып демалып отырып, ұйықтап кетіппін. Оянғанда жігіттерден сұрасам, біз қирандының астында 4 сағаттан астам уақыт болыппыз. Сол кезде тіпті жер сілкінген", - дейді Думан Камзин.

Табылған адам құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын мүгедектігі бар жан болып шыққан.

"Расында да бұл оқиға таңғаларлық. Мен сол ойыққа кірмегенде, біз ол кісінің бар екенін, тірі екенін білмейтін едік. Тауып алған кезде де оның құлағы естімейтінін, мылқау екенін де білмедік қой. Ол бізге саусақпен бірнәрсе айтқысы келді. Бірақ біз саусағы сынғанын көрсетіп тұр деп ойладық. Ол кісі табылмай тұрып, түріктер қирандыны акустикалық аппаратпен тексеріп кеткен еді. Сонда бұл кісі оны да естімеген болып тұр ғой", - дейді Түркиядан оралған қарағандылық құтқарушы.

Думан Камзин тағы бір қызық жайтты есіне алды. Түркияға аттанар алдында ол төлқұжатын жоғалтып алғанын білген.

"Бізді Түркияға жөнелтер алдында төлқұжатымыздың бар-жоғын сұрады. Ал мен төлқұжатымды жоғалтып алған едім. Үйден таппай қойдым. Бастыққа хабарласып, ертеңінде төлқұжат жасататынымды айтып ем, ол кісі сол күні түнде ұшып кететінімізді айтты. Тізімді беріп қойған екен. Оны естіп мен бүкіл пәтерді ақтарып-төңкеріп, ақыры таптым. Таба салысымен Астанаға телефон соқсам, тізім бекітіліп кетіпті. Таныстарға хабарласуыма тура келді, сөйтіп тізімге ендім. Көрдіңіз бе, мені Алла өзі жіберген сияқты, мен бармай қалсам ана адамның тағдыры не болар еді", - дейді Думан Камзин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010425-tynys-alganyn-estidim-turkiyada-qirandy-astynda-aman-qalgan-mylqau-adamnyn-zatqanyn-qaragandylyq-qutqarusy-qalai-sezgen/