Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұрғындар қатты шошынған": Түркияға көмекке барып келген қарағандылық фельдшер куә болған жайттарды бөлісті

Опубликовано:

Айдын Жұмабеков
Айдын Жұмабеков. Фото: Айдын Жұмабековтың жеке мұрағатынан

Түркияның жер сілкінісі болған аймағында зардап шеккен халыққа медициналық көмек көрсеткен қарағандылық фельдшер Айдын Жұмабеков арнайы сұхбат берді. Фельдшер Газиантептен 70 шақырым жерде орналасқан Нурдагы қаласында өзі куә болған жайттарды айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нурдагы қаласына Қазақстаннан екі медицина қызметкері көмекке барған. Қазақстандық дәрігер мен фельдшер онда 12 күн бойы қызмет еткен. Олар қирандылар арасында шатыр құрып, сонда тұрған.

Айдынның айтуынша, сол күндері өзіне ең ауыр тигені - қиранды астынан алып шыққан марқұмдарды туыстарына көрсеткен сәт.

"Қайтыс болған адамдардың денесін туысқандарына көрсету жүрекке ауыр тиді. Қаншама халық үйсіз-күйсіз далада жүр. Қирандылар арасында баласын, әке-шешесін іздеп жүргендерді көрдік", - дейді Айдын Жұмабеков.

Қарағандылық фельдшердің сөзінше, олардың көмегіне көбінесе дене жарақатын алған адамдар жүгінген.

"Көбінесе медициналық көмек түрлі дене жарақатын алған адамдарға қажет болды. Сондай-ақ туыстарынан айырылып, күйзеліске ұшыраған адамдарға да психологиялық көмек көрсеттік. Түрік тілін онша түсіне қоймағандықтан, адамдардың түріне қарап олардың медициналық көмекке мұқтаж екенін ажыраттық. Жылаған, есінен танған адамдарға көмектестік. Олар да уақытша шатырларда тұрып жатты", - дейді ол.

Айдын Жұмабеков жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетуде
Айдын Жұмабеков жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетуде. Фото: Айдын Жұмабековтың жеке мұрағатынан

Жалпы қазақстандық медицина қызметкерлері Нурдагы қаласында 89 адамға көмек көрсеткен.

"Олардың арасында жарақат алу, күйзеліске түсуден бөлек, созылмалы ауруы асқынған адамдар жүгінді. Мысалы қан қысымы жоғарылап кеткендерге оны қалыпқа келтіруге көмектестік", - дейді ол.

Сондай-ақ Айдын Жұмабеков қиранды астынан аман шыққан қызы мен анасына алғашқы көмек көрсеткенін айтады. Оның сөзінше, құтқарушылар екі әйелді қиранды астыннан 93 сағаттан кейін аман алып шыққан.

"Жағдайлары қалыпты екен. Құтқарушылардың айтуынша, олар бірден шыға салып су, сосын аяқ киім сұраған. Екеуі Түркияның AFAD қызметкерлеріне тапсырылды. Оларды жедел жәрдеммен алып кетті. Ертеңінде келіп анасы мен қызы бізге рақметін айтты", - дейді Айдын Жұмабеков.

Құтқарушылармен бірге зілзала ошағында қызмет еткен Айдын Түркияда сол 12 күн ішінде бірнеше рет жер сілкінгенін айтады. Алайда олар көмекке барғандықтан өз басын қатерге тігіп жатырмыз деп ойламаған.

"Көмектесуге барғандықтан өз басымызды, шаршауды ойламадық. Сол кісілерге демеу болуды ғана ойладық. Әрине, отбасым үйде отырып, бізді уайымдады. Бірақ олармен күнде хабарласып отырдық. Жергілікті тұрғындар күйзеліске түсіп, қатты шошынған. Адамдарда жер сілкінісі қайталана ма деген үрей бар. Қиранды астынан шыға алмай жатқан адамдар болса, оларды басып қала ма деген қорқыныш та бар", - дейді қазақстандық фельдшер.

Айта кетейік, Апаттар медицинасы орталығының мәліметінше, Түркияға Қазақстаннан 10 медицина қызметкері көмекке барған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010380-qirandy-astynan-syga-sala-su-men-ayaq-kiim-surady-turkiyaga-komekke-baryp-kelgen-qaragandylyq-feldser-korgenin-bolisti/

pixel