Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тоғыз баламен жесір қалған": Жасы жүзден асса да от жағып, қар тазалайтын қарағандылық әжей көпшілікті сүйсінтті (фото)

Опубликовано:

Сәбилә Орманбаева қар тазалауда
Сәбилә Орманбаева. Скриншот: "Таңшолпан" бағдарламасы

Қарағанды облысы Абай ауданының тұрғыны Сабилә Орманбаева 102 жаста. Ғасыр жасаған әжей әлі күнге дейін есіктің алдындағы қарды тазалап, еттің нанын илеп, тоқыма тоқиды, деп жазады "Таңшолпан" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қарияны Құлайғыр ауылының тұрғындары асыл қазынамыз деп ардақтайды. Ғасыр жасаған әжей үйде қарап отырмайды. Зейнеткердің таңы қыста үй ауласының қарын тазалаудан басталады.

Ол жастайынан еңбекке араласқан. Отызыншы жылдардың аласапыранында егін салды, шабандыққа шалғы сілтеп, шөп шапты. 17 жасында Құлайғыр ауылында сауыншы болып еңбек етті. Күніне отыздан астам сиыр сауатын ол озаттар қатарынан көрінген.

"Қараңғыда, алтыда тұрып сауу керек қой. 35 сиыр. Жұмысқа сондай жақсы болдым. Алдыңғы қатарда жүрдім. Кейде менің сүтім көп болады. Артық сауам. Сүтімнің тазалығы жақсы. Тазалыққа, сүтімнің көбіне, бәрін қосқанда, бір айда төрт рет ақша алатынмын. Жаман болғам жоқ", - дейді кейуана.

Сәбилә Орманбаева тоғыз баламен жесір қалған. Күндіз ауылдың тірлігі, түнде үйдің шаруасымен айналысып, ұршық үйіріп, киім тоқып, перзенттерін жеткізген.

Сәбилә Орманбаева сұхбат беруде
Сәбилә Орманбаева. Скриншот: "Таңшолпан" бағдарламасы

Ғасыр жасаған ананың осы уақытқа дейін тың көрінуі - тынымсыз тіршіліктің арқасы.

"Тамақ ішпей, аш та жүремін. Уақытым жоқ. Үйге келем, үйде малым бар, балаларым бар. Көршілерімнің есігі қайда екенін білмеймін. Ешқайда бармайтынмын", - дейді Сәбилә әжей.

Озат сауыншы зейнетке шыққан соң да, бұл кәсіптен кетпеген. Ірі қара ұстап, жүзге келгенше сиыр сауған екен.

"Осы былтырға дейін саудым. Екі сиыр, бір сиыр, не ол? Табынға да айдап апарып, әкелемін. Отты да жағамын. Бәрін де істеймін. Ауырғаным жоқ. 35 жыл жұмыс істеп, бір күн ауруханаға барып, укол алмағанмын. Укол алуға қорқамын қазір. Жаныма батқасын дәрі ішем", - дейді ол.

Бүгінде батыр ана 25 немере, 6 шөбере көріп отыр. Оның ендігі арманы - шөпшегінің қолынан су ішу.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010909-togyz-balamen-zesir-qalgan-zasy-zuzden-assa-da-ot-zagyp-qar-tazalaityn-qaragandylyq-azei-kopsilikti-suisintti-foto/

pixel