Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Биліктің назарынан тыс қалған ауыл деп түсінем": Жетісу облысының әкімі ауыл тұрғынының сұрағына жауап берді

Опубликовано:

Бейбіт Исабаев
Бейбіт Исабаев. Видеодан кадр: instagram.com/jetisu_akimat

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының халқымен кездесті. Кездесуде өңір басшысына әсіресе Ақын сара, Шымыр ауылдарының тұрғындары тарапынан көп сұрақ қойылды. Тұрғындарды жайылымдық жер, жол мәселелері алаңдатады. Облыс әкімі өз сөзінде аталған елдімекендерді биліктің назарынан тыс қалған ауылдар деп атады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданы халқымен кездесуі Жетісу облысы әкімдігінің Instagram парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Кездесуге аудан әкімі мен барлық бөлім басшысы қатысты.

Осы ретте облыс әкіміне Ескелді ауданына қарасты Шымыр және Ақын Сара ауылдарының тұрғындары көп сауал қойды.

"Былтыр да мен сіздің алдыңызда болғам. Біздің ауылдың мәселесі - мәдениет үйі. Мәдениет үйін салу биыл да, келесі жылы да жоспарда жоқ дейді. Ауылда халық жиналатын орын жоқ", - дейді Ақын Сара ауылының тұрғыны Шәріпхан Шәріпов.

Ауыл тұрғынының айтуынша, елдімекенде 2000-нан аса халық тұрады.

Осыдан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл мәселеге жауапты облыстық мәдениет басқармасының басшысы мен аудан әкімін сұрақтың астына алды.

Облыстық мәдениет басқармасы биыл Ақын Сара ауылында мәдениет үйін салу жоспарда жоқ екенін растады. Ескелді ауданының әкімі де аталған ауылда 2021 жылы мәдениет үйі жарамсыз деп танылғаны жөнінде сараптама жасалғанын атап өтті.

"Пилоттық бағдарлама бойынша бірінші Қоңыр ауылында саламыз, егер ол тиімді болса, әрі қарай кезең-кезеңімен салынады. Бір жылда сала алмаймыз", - деп жауап берді тұрғынның сұрағына қатысты аудан әкімі.

Аудан әкімінің сөзінше, Ақын Сара ауылының мәдениет үйі осыдан 15-20 жыл бұрын құлап қалған.

"Демек соңғы 15-20 жылда ауылда мәдениет үйі жоқ деген сөз ғой. Соны білу үшін сізге бес рет сұрақ қойдым, білмесеңіз білмеймін деп айту керек. 2000 халқы бар ауылға 20 жыл бойы мәдениет үйі болмағаны дұрыс емес. Неге ол жоспарға енбей қалғанын түсінбеймін. Түзетуге қайта жіберіңіздер. Биыл ұсыныс әзірленсін. 15-20 жыл мәдениет үйінсіз тұрған болмайды.

Ол бір 500-600 адам тұрған, халқы азайып бара жатқан ауыл болса түсінер едім. Бұл үлкен елдімекен, сондықтан биылға жоспарға ақша бөлінсін, келесі жылдың бюджетіне қарастырайық", - деп тапсырма берді Ескелді ауданының басшылығына Бейбіт Исабаев.

Сондай-ақ ауыл тұрғынының келесі сұрағы Ақын Сара елдімекеніндегі жолдың сапасына қатысты болды.

"Бүгінгі кездесу тек Шымыр мен Ақын Сара ауылына арналды. Ол тегін емес. Демек Шымыр мен Ақын Сараға мұқият көңіл бөлу керек. Халық неге айтып жатыр, себебі мұны биліктің назарынан қалыс қалған ауылдың жанайқайы деп түсінемін.

Ақын Сараның жолы, Ақын Сараның жері, мәдениет үйі деп жатыр. 50 пайызын есепке алмағанның өзінде, арғы жағында шындық бар деген сөз. Менің тәжірибем осыған әкеп саяды.

Сондықтан жолын да, мал жаятын жерін де, мәдениет үйін де қараңыздар. Ақшамызға қарай, көрпемізге қарай көсілейік, бірақ мәдениет үйі жөніндегі ұсынысты созбаңыздар", - деп тапсырма берді аудан басшылығына Бейбіт Исабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011354-biliktin-nazarynan-tys-qalgan-auyl-dep-tusinem-zetisu-oblysynyn-akimi-auyl-turgynynyn-suragyna-zauap-berdi/

pixel