Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бала маған қатты қорқатынын айтты": Атыраудағы балалар үйінде шыққан дауға қатысты тәрбиеші өз нұсқасын бөлісті

Опубликовано:

Көшеде отырған жасөспірім
Жасөспірім. Көрнекі фото: pixabay.com

Атыраудағы "Шаңырақ" балалар үйінде тәрбиеленіп келген жасөспірімнің НеМолчиkz қоғамдық қорына жазған хаты қоғамда дау туғызды. Осы оқиғадан кейін 16 жастағы баланың тәрбиешісі жұмыстан шығарылған. Ал Атырау полициясы балалар үйіне қатысты дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Балалар үйінің 16 жасар тәрбиеленушісі балаларға арналған 150 сенім телефонына өзінің мекеме басшысынан және тәрбиешілерден зәбір көргенін айтып хабарласқан. Қазіргі уақытта ол жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің көмегімен облыстық балаларды бейімдеу орталығына жеткізілген.

Сенім телефонына хабарласқан жасөспірімнің тәрбиешісі Марияш Досанованың бұл оқиғаға қатысты өз айтары бар.

"Таңертең тұрсақ есік алдында полицияның машинасы, тағы да басқа көліктер толып кеткен, у-шу. Бір кезде форма киген адамдар менің тәрбиеленушімнің атын атап, оны шақыруымды және оның киімдерін жинап беруімді сұрады. Бала да дайын отырған болуы керек, бірден сырт киімін киіп, ештеңе айтпастан арттарынан еріп кетті. Баланың 150 сенім телефонына қоңырау шалып, шағым айтқанын кейін іштегі қызметкерлерден білдім", - дейді баланың тәрбиешісі.

Марияш Досанованың сөзінше, осы оқиғаға дейін балалар үйінде тәрбиеленуші жасөспірімнің қатысуымен кикілжің орын алған.

"Сол кезден бері бала мазасыз болып жүрді, терезенің алдында ұзақ отыратын, маған да уайымдайтынын, қатты қорқатынын айтты. Бұған дейін де бірнеше рет соққыға жығылғанын айтып берді. Бұл жайттарды мен өз көзіммен көрмедім, баланың аузынан ғана естідім. Өйткені бұл жұмысқа 2022 жылдың желтоқсан айында орналастым. Тек қана бір ай шамасында қызмет жасадым. Қысым көргені жөнінде 150 сенім телефонына бала өзі хабарлаған", - дейді тәрбиеші.

Осы оқиғадан кейін тәрбиешінің өзі де басшылық тарапынан қудалауға ұшырағанын айтады.

"Басшымыз баланың сенім телефонына хабарласуына сен түрткі болдың деп, бар кінәні маған артып отыр", - дейді Марияш Досанова.

Ал Немолчиkz қоғамдық қорының Instagram парақшасында жарияланға видеода балалар ауылының директоры мұның бәрін өзіне жала жабу деп санайтынын айтқан болатын.

"Бұл жала жабу, ол - біздің бұрынғы қызметкер, сынақ мерзімінен өтпегендіктен мен оны жұмыстан шығардым", - дейді директор видеода.

Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы жағдай туралы зерделеу жұмыстары ұйымдастырылған.

"Зерделеуші топтың құрамына білім беру басқармасы, Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті, қорғаншылық және қамқоршылық органы, үкіметтік емес ұйым өкілдері және педагог-психолог маман тартылды. Топ мүшелері балалармен, педагог қызметкерлермен кездесіп, балалар ауылындағы барлық отбасыларын аралап шықты. Балалармен, педагогтермен психолог жұмыс жасап, тест, сауалнама, сұхбат әдістемелерін жүргізді. Педагогикалық ұжым тарапынан аталған жағдай бойынша ескертпелер, ұсыныс-пікірлер болмады. Зерделеу барысында әлеуметтік желіде жарияланған жағдайлар балалар мен педагогтер тарапынан расталмады", - делінген Атырау облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Аталған жағдай бойынша Атырау облысы полиция департаменті де пікір білдірді.

"Қазіргі таңда әлеуметтік желіде таралған балалар үйіндегі деректерге қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - дейді полиция депаратментінің баспасөз қызметі.

Кейінірек белгілі болғандай, Отбасылық үлгідегі "Шаңырақ" балалар ауылының директоры уақытша жұмыстан шеттетілген.

"Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының бұйрығымен отбасылық үлгідегі "Шаңырақ" балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева тергеу жүргізу кезінде атқаратын қызметінен уақытша шеттетілді", - деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасы.

Авторы Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011158-bala-magan-qatty-qorqatynyn-aitty-atyraudagy-balalar-uiinde-syqqan-dauga-qatysty-tarbiesi-oz-nusqasyn-bolisti/

pixel