Ақтөбедегі сәбидің өлімі жіті тексеріліп жатыр
Жарияланған күні:
Ақтөбеде маскүнем ата-анасының қарауынсыз қалып, көз жұмған сәбиге қатысты жағдай жіті тексеріліп жатыр. Әке-шешесі бауыр еті баласының мүрдесі салынған табытты жерлеуге де асықпаған. Оған қоса, екінші ұлын да қараусыз қалдырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың айтуынша, 4 жасар Леша ұзақ уақыт бойы жабық кеңістікте жалғыз болғандықтан өзгелерден қорқып қалған. Өзге балалармен ойнамайды. Жалғыз отырғанды ұнататын көрінеді.
Мамандар оны құрдастарымен салыстырғанда дамуы әлдеқайда артта қалған деп отыр. Сондықтан баламен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал денсаулық жағдайы медициналық тексеруден кейін белгілі болмақ.
"Алексей Сергеевич Чинкин қазір "Аяла" балаларды қолдау орталығында. Оны 25 ақпанда инспекторлар әкелді, біз оны бірден тамақтандырдық, жуындырдық. Өзін жақсы сезінеді", – дейді әлеуметтік педагог Гүлнәр Ысқақова.
Келеңсіз жайт туралы алғаш көршілері білген. Олар еріктілерден көмек сұрап хабарласқан.
"Бұған дейін де бірнеше рет маскүнем ата-ананы құқығынан айырып, баланы арнайы орталық қамқорлығына алған екен. Ол жерден "балаларға өзім қараймын" деген соң баланы туған әкесіне беріпті. Егер сол кезде бүлдіршіндер орталықта қалса, қайғылы жағдай болмас пе еді?" – дейді еріктілер.
Белгілі болғандай, бұл отбасында бұған дейін де бір нәресте ауырып, қайтыс болған. Үлкен ұлы қазір мүгедек балаларға арналған арнайы мекемеде екен. Екінші ұлы Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған интернатта тұрады.
Ал жауапсыз анаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011728-aqtobedegi-sabidin-olimi-ziti-tekserilip-zatyr/