Синоптиктер Қазақстанның қай өңірінің тұрғындары су тасқынынан сақтану керектігін айтты
Жарияланған күні:
"Қазгидромет" РМК мамандары биылғы көктемде Қазақстан бойынша су тасқыны қаупін бағалап, өңірлер бойынша алдын ала болжам жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Синоптиктер Қазақстанның жазық өзендерінде көктемгі су тасқыны ағынының күтілетін көлемі биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшеулер деректері бойынша жасалғанын айтты.
"Қазгидромет" РМК өңделген NASA спутниктерінің ЖҚЗ (Жерді қашықтықтан зондтау) суреттері бойынша 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның қарлы аумағы 72 пайызды құрайды", – дейді метеорологтер.
Мамандар жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берген.
Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы және Жетісу облыстары.
Су тасқынының болу ықтималдығы орташа аймақтар: Павлодар, Атырау және Ұлытау облыстары.
Су тасқынының болу ықтималдығы төмен аймақтар: Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстары.
Қарағанды (Нұра өзенін қоспағанда), Ұлытау, Ақмола (Жабай өзенін қоспағанда), Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәндерден 13-44 пайызға төмен.
Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орташа көпжылдық мәннен 37 пайызға және 74 пайызға жоғары.
"Қазіргі уақытта қар жинау процесі жалғасуда", – деп қосты мамандар.
Наурыз, сәуір айларында метеостанциялардағы көпжылдық бақылауларға сәйкес тәулігіне бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін, бұл қауіпті табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың пайда болуына алып келуі мүмкін дейді мамандар.
Консультативтік синоптикалық ауа-райы болжамына сәйкес 2023 жылдың наурызында елдің басым бөлігінде негізінен жылы және жаңбырлы болады деп күтілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011896-sinoptikter-qazaqstannyn-qai-onirinin-turgyndary-su-tasqynynan-saqtanu-kerektigin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.