Ақтөбе облысының полицейлері қызметтің күшейтілген түріне ауыстырылды
Опубликовано:
Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты полиция департаментінің жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген түріне ауыстырылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми Telegram-арнасы.
Әкімдіктің мәліметінше, полиция департаментінде гарнизонның жеке құрамын жеке қорғаныс құралдарымен (резеңке етік, ОЗК) қамтамасыз ету және халыққа, құтқарушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ жолдарды жабу бойынша жәрдем көрсетудегі дайындығы тексерілген.
"Сонымен бірге су қоймаларының жағасында орналасқан елдімекендер мен саяжай массивтерін су басқан жағдайда ұрлық пен тонауға жол бермеу бойынша нұсқаулық өткізілді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде күн күрт жылынып, жауын-шашын салдарынан қала көшелерін су басқан еді. Сонымен қатар Ақтөбеде осы қыста қар былтырғы жылдан екі есе көп жауған.
"Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралар тәулік бойы күшейтілген режимде жалғасуда", - деді әкімдік өкілдері.
Осы ретте Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге облыс аумағын ұшып өтіп, су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2012183-aqtobe-oblysynyn-policeileri-qyzmettin-kuseitilgen-turine-auystyryldy/