Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Прокурор Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі адам ұрлауды қалай ұйымдастырған болуы мүмкін екенін айтты

Опубликовано:

Гүлмира Сатыбалды
Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты сот отырысы. Скриншот: ktk.kz

Бүгін Астанада Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайына қатысты сот отырысы басталды. Ол озбырлық жасады және адам ұрлауды ұйымдастырды деп айыпталып отыр, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Прокурор Азамат Сәрсембаевтың сотта келтірген дерегі бойынша Гүлмира Сатыбалды өзінің қаржылық көмекшісі Айгүл Мекешеваға "Макси Боттлерс" ЖШС-ін иемдену схемаларының біріне қатысуды тапсырған. Сондай-ақ ол көмекшісіне акциялардың 75 пайызын жазып, кейінірек 5 пайызын сыйақы түрінде беруге уәде еткен.

Айыптау тарабының айтуынша, Мекешева бұйрықты орындағаннан кейін Сатыбалды оған акцияның 5 пайызын беруден айнып қалып, өзгелердің көмегімен 75 пайыз акцияның барлығын басқа тұлғаға қайта жазып беруді талап еткен.

Прокурордың сөзінше, Мекешева талапты орындаудан бас тартқаннан кейін Гүлмира Сатыбалды оны ұрлауды бір топ ер адамның көмегімен және Батыршаев деген көмекшісі, әрі жүргізушісі арқылы ұйымдастырған. Осылайша, Мекешеваны Алматыдағы тұрғын үйінен күштеп алып кеткен.

"Үш бетперде киген адам Мекешеваға қарсы күш қолданып, оны ұрлаушылардың бірінің иығына лақтырып, көлік тұрған ауладан алып шыққан.

Сағат 23:40 шамасында ұрланған Мекешева отырған көлік Жандосов ауылына келген. Олар әбден қорқып қалған Мекешеваны өз еркінен тыс үйдің жертөлесіне қамаған", - деді прокурор.

Одан әрі прокурордың айтуынша, Мекешеваға компанияның барлық акциясын тегін беру туралы құжаттарға қол қою ұсынылған.

"Мекешева басқа амалы жоғын түсініп, өмірі мен денсаулығы үшін қауіптеніп, өзін ұрлап әкеткеннен кейін моральдық күйзеліске ұшырап, Батыршаевтың атына "Maxi Bottlers" компаниясының жарғылық капиталындағы үлесінің 75 пайызын сату келісімшартына қол қоюға мәжбүр болды.

Содан кейін Батыршаев Мекешеваны "құқық қорғау органдарына арыздансаң, соңыңа түсемін" деп қорқытып, үйіне қайтарған", - деді прокурор.

Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты ақпарат

Еске сала кетейік, былтыр наурыз айында Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдының ұсталғаны белгілі болған еді. Жемқорлыққа қарсы агенттік Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйек айында Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2012897-prokuror-satybaldyulynyn-eks-aieli-adam-urlaudy-qalai-uiymdastyrgan-boluy-mumkin-ekenin-aitty/

pixel