"Өзі бір ерекше бала": Түркістандық әйел 54 жасында ұлды болды
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Ордабасы ауданында 54 жастағы әйел салмағы 4 жарым келіден асатын ұл баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қараспан елдімекенінің тұрғыны Сәндікүл Үсенбай бұл жолы да сәбиін жасанды ұрықтандыру арқылы өмірге әкелген.
Жаңа туған нәрестеге ата-анасы Нұрмұхаммед деген есім берген.
Түркістан тұрғынының айтуынша, ол тұңғышын 51 жасында босанған. Биыл қызы үш жасқа толады. Ал ол осы жүктілік кезеңі ауырлау өткен.
"Жүктіліктің алғашқы бес айында оңай болған жоқ. Жасқа да байланысты жүктілік ауырлау өтті. Дегенмен, декреттік демалысқа шыққанша емханада акушер боп жұмыс істеп жүрдім. 15 наурыз күні ұлымды кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелдім. Өзі бір ерекше бала. Басқа бөпелер сияқты көп жыламайды, салмақты. Ұлыма қарап "бізге бақ боп келген баласың ғой, дүниеге келе сала марқайтып жатсың" деп шүкіршілік етемін", - дейді Сәндікүл Үсенбай.
Сәндігүл Үсенбай 48 жасында тұрмысқа шыққан. Жұбайымен ақылдасып, жасанды ұрықтандыру арқылы ана атануға бел буған.
"Жолдасым өзімнен 10 жас үлкен. Ауыл шаруашылығы саласында бас инженер боп қызмет істеп, 2022 жылдың сәуір айында зейнетке шықты. Жүктілік кезінде қолдау көрсетті", - дейді ол.
Сонымен қатар сұхбат барысында түркістандық ана сәбиінің аман-есен дүниеге келуіне көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғысын айтты. Оның сөзінше, Ордабасы аудандық ауруханасының бас дәрігерінің өзі келіп жағдайын біліп тұрған.
"Ордабасы аудандық ауруханасының бас дәрігері Сағымбеков Болатхан Салыбекұлына, акушер Сейітова Салтанат Исағұлқызына, дәрігер неантолог Нақыпбекова Эльмира Тельманқызына және басқа да медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз", - дейді Сәндікүл Үсенбай.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013368-ozi-bir-erekse-bala-turkistandyq-aiel-54-zasynda-uldy-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.