Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маңызды шешім қабылдадық": Ұшақта жүрегі қысылған әжейді дәрігерлер қалай құтқарып қалды

Опубликовано:

Нұржан Орынтайұлы бағдарлама студиясында
Нұржан Орынтайұлы. Фото: "Таңшолпан" бағдарламасы

24 наурыз күні Мысыр елінен Алматыға бет алған ұшақта денсаулығы күрт нашарлаған әжейді борттағы дәрігер мен болашақ медицина мамандары аман алып қалды. Осы орайда, бүгінгінің батыры атанған олар "Таңшолпан" бағдарламасында қонақ болып, сол күнгі оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әуе кемесінің бортында отбасымен бірге демалыстан келе жатқан дәрігер Нұржан Орынтайұлы мен медицина университетінің үш студенті болған.

"Бұл кешкі рейс болатын. Әбден әуеге көтерілгеннен кейін шамамен бір-екі сағаттан соң алдыда отырған жолаушылардың абыр-сабыр болғаны байқалды. Дүрбелең басталды. Ұшақ қызметкерлері дәрігерлердің бар-жоғын сұраған соң, алдыңғы жаққа бардым. Сол жерге ұшақтағы шәкірттерім де жиналған екен. Бірінші медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Сол жерде оттегі беріліп, көктамыр арқылы дәрілер енгізілді. Ол кісінің жүрегі қысылған", - деді №4 қалалық көпбейінді аурухана нейрохирургия бөлімінің басшысы Нұржан Орынтайұлы.

Кейін сол күні денсаулығы нашарлаған әжей ақ халаттыларға көпшілік алдында алғыс білдірді.

"24 наурыз күні Мысырдан үйге келе жатқанда басым айналып, жүрегім қысылып, ауырып қалдым. Сол кезде борттағы ақ халатты абзал жандар қасымнан табылды. Олар алты жарым сағат бойы қасымда отырып, есімді жинатып, Алматыға жеткенше жанымда болды", - дейді бортта денсаулығы нашарлаған әжей.

Нұржан Орынтайұлының айтуынша, олар науқасты құтқару үшін маңызды шешім қабылдаған.

"Әуе кемесінде біздің командамызға үлкен бір шешім қабылдауға тура келді. Жақын арада қондыратын әуежай Иран мемлекетінде екен. Ол үшін бір жарым сағат кері қарай ұшу керек. Иранға барамыз ба, Алматыға жетеміз бе деген сұрақ тұрды. Біз тәуекел етіп, науқастың қан қысымы, сатурациясы реттелген соң елге жетеміз деген шешім қабылдадық", - дейді дәрігер.

Ұшақ бортында болған тағы бір студент Дәулет Қыжыров көпшіліктің құрметі ерекше әсер еткенін айтты.

"Ұшақ жерге қонған соң қуандық. Себебі науқастың жағдайы жақсарды. Кеудемізді бос ұстай бастадық. Қонған соң бізді тұрғызбай, науқасты дәрігерлер қарап, алып кетті. Содан кейін борттағы жолаушылар бізге қошемет көрсетті. Осынша жыл оқып жүрген соң, халықтың алғысын алу жүрекке батады екен", - деді медициналық университет студенті Дәулет Қыжыров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014678-manyzdy-sesim-qabyldadyq-usaqta-zuregi-qysylgan-azeidi-qutqargan-darigerler-zaily-ne-bilemiz/

pixel