Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Бүгін елордада қазақстандық бизнесмен Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сот шешімімен Қайрат Боранбаев Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды. Олар:
- сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ысырап етуге жәрдемдесу;
- сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету;
- ақшаны немесе өзге де мүлікті Қылмыстық жолмен жылыстату.
"Қайрат Боранбаев Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігінде, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында және 218-бабының 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын.
Мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет ету құқығынан айырылсын.
Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу тағайындалсын", — дейді судья Назгүл Бапақова.
Сондай-ақ сот қаулысымен Боранбаевтың қамауда өткізген уақыты жаза мерзіміне есептелетін болды. Яғни қамауда болған әр күні 1,5 күнге бас бостандығынан айыру ретінде есепке алынады.
Сондай-ақ сот ел президентінің атына Боранбаевты мемлекеттік наградалар – "Құрмет", "Ерен еңбегі үшін", "Парасат" және ІІІ дәрежелі "Барыс" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізуге қаулы етті.
Боранбаевтың мүлкіне қатысты – сот мемлекет мүддесі үшін оның:
- Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы үй-жай мен жер учаскесін;
- банк шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге мөлшеріндегі қаражатты;
- "Халық банкіндегі" екі шоттағы 2 млрд 847 млн 877 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатты тәркілеуге қаулы етті.
Сонымен қатар сот Боранбаевтың ісіне бойынша тағы екі адамға қатысты үкім шығарды. "АзияГазЧунджаның" тең құрылтайшысы Роман Наханов пен Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурыз айында ұсталған болатын. Кәсіпкер мен тағы екі тұлғаға мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге жымқыру және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айып тағылды.
2022 жылғы 30 желтоқсанда Боранбаевтың ісі бойынша сот отырысы басталды.
Сотта Қайрат Боранбаев өзіне тағылған айыптың мәнін түсінбейтінін және өз кінәсін мойындамайтынын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014942-qairat-boranbaevqa-sot-ukimi-syqty/