Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мені хрустальға айырбастаған": Түркістан облысында өзінің кім екенін білмейтін келіншектің құжаты табылды

Опубликовано:

Гузәл
Аты-жөнін білмеген келіншек. Видеодан кадр: Youtube/ Көреміз

Түркістан облысының тұрғыны 25 жылдан астам уақыт бойы өзінің атын, жасын, ұлтын білмей өмір сүріп келген. Өзіне Гүзәл деп ат қойып алған келіншек төрт жасына дейін Ташкенттегі балалар үйінде өскен. Айтуынша, оны алғаш асырап алған өзбекстандық әйел тоғыз жасқа толғанында танысына ыдысқа айырбастап, бере салған. Кейін сол әйелмен Қазақстанға келген. Ол екінші отбасында да қорлық көріп, қашып кеткенін айтып берді.

Қолында бірде-бір құжаты жоқ келіншек өз тегін, шын есімін, қанша жасқа келгенін, ұлтын білу мақсатында "Көреміз" бағдарламасына жүгінген.

"Төрт жасыма дейін мен балалар үйінде болдым. Төрт жасымда мені өзбек келіншек асырап алды. Үйіне алып келді. Солармен өмір сүріп жүрдім", - дейді ол.

Алайда ол асырап алған отбасында қорлық көріп өскенін айтады.

Кейін Гүзәл тоғызға толғанда оны алғаш асырап алған өгей анасы танысына, яғни қазақ әйелге берген. Осылайша, шамамен 25 жыл бұрын Гүзәл Өзбекстаннан Қазақстанға келген. Бастапқыда ол қорлықтан құтылғанына қуанған.

Алайда бағдарлама дерегінше, тағдыр тәлкегіне түскен келіншек он бес жасынан бері көше кезуге мәжбүр болған. Өйткені Гүзәлдің сөзінше, екінші рет асырап алған отбасында өзінен жасы үлкен сол үйдің екі баласынан қорлық көрген, ары тапталған. Бұған шыдамаған Гүзәл бір-ақ күнде үйден қашып кеткен. Ал құжаттары өгей анасында қалып қойған. Бағдарлама барысында өгей анасының үйі өртеніп, сол кезде құжаттары да жанып кеткені белгілі болды.

"Өгей анам мені хрусталь ыдысқа айырбастап әкелгем деп айтатын. Маған келген кезде "жасың тоғызда" деді. Мен содан есептеп келіп, жасым отыз жетіде деп ойлаймын. Білетінім - балалар үйінде Гүзәл болғаным. Қазірге дейін Гүзәлмін. Есімімді өзім қойдым. Бірақ жасым нақты қаншада екенін, қай жерде туғанымды білмеймін", - дейді Гүзәл. 

Осыған орай бағдарлама тілшілері алты ай бойы Қазақстан мен Өзбекстан арасында журналистік зерттеу жүргізген.

Нәтижесінде Гүзәлді асырап алған қазақ әйелдің балалары табылды, ал әйелдің өзі жетпістен асып кеткені, оның Сарыағашта ем алып жатқаны анықталған. Сондай-ақ бағдарлама барысында журналистер Өзбекстаннан Гүзәлді бірінші асырап алған өгей анасын да тапқан.

"Ташкенттегі балалар үйінен ресми түрде асырап алдым. Алты жыл бақтым. Мектепке барды. Бала кезінде білінбеп еді, мектепке барған соң мінезі де, тәрбиесі де өзгерді, шаршатып жіберді. Сөйтіп жүріп ауру болып қалдым. Солай қиналып жүргенде хрусталь сататын қазақ әйел пайда болды. Егер сау болсам, біреуге бермес едім. Алты жыл баққан соң , біреуге бере салу оңай емес", - дейді ол туралы алғашқы өгей анасы.

Өзбекстанда тұратын өгей анасы Гүзәлға туған анасының қайтыс болғанын айтқан екен. Алайда бағдарлама соңында ол өгей қызының туған ата-анасын іздеп, оларды АХАЖ арқылы тапқанын, Дильназдың анасы мен бір ағасы барын айтқан. Ал Гүзәлдің шын есімі Дильназ болып шықты, құжатта оның 1988 жылы туғаны жазылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015702-meni-xrustal-ydysqa-aiyrbastap-zibergen-dedi-turkistan-oblysynda-ozinin-kim-ekenin-bilmeitin-kelinsektin-quzaty-tabyldy/

pixel