Шымкентте жантүршігерлік жол апатынан кейін автобус жүргізушілері қайта аттестациядан өтеді
Жарияланған күні:
8 сәуірде Шымкентте болған қайғылы оқиғадан кейін автобус жүргізушілеріне талап күшейеді. Барлық тасымалдаушы компанияның жүргізушілері кезектен тыс аттестация тапсырып, тексеруден өтеді, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Телеарнаның мәліметінше, бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мәлімдеді.
"Бұдан кейін тасымалдаушы компанияларға талап өте қатты күшейеді. Бірінші талабымыз әрбір тасымалдаушы қазір осында 10 тасымалдаушы компания отыр. Негізі осы 10 компания бар қалада. Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары келіп отыр. Шұғыл түрде кезектен тыс аттестация өткізулеріңіз керек. Шұғыл түрде. Барлық жүргізушіні", - деп ескертті қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Мұхтар Қоқанбаев.
Еске сала кетейік, 8 сәуірде Шымкенттегі "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізуші басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан алты адамды қағып кеткен еді.
Осы қайғылы жағдайдан 5 адам қаза тапты. Екі әйел мен бозбала сол жерде және кәмелетке толмаған екі адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Олардың біреуі кеше ауруханада қайтыс болды. Тағы бірі ауруханада жатыр.
Қазіргі таңда жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016077-symkentte-zantursigerlik-zol-apatynan-keiin-avtobus-zurgizusileri-qaita-attestaciyadan-otedi/