Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарына үндеу жасады

Жарияланған күні:

Нұрлан Ноғаев
Нұрлан Ноғаев. Видеодан кадр.: https://t.me/mangystau_press

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс тұрғындарын тыныштық сақтауға, жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеуге шақырды. Бұл туралы облыс әкімдігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"Құрметті маңғыстаулықтар! Қадірлі жерлестер! Бұл жағдайдың баршамыздың көңілімізге қаяу түсіріп отырғаны жасырын емес. Осы сәтте біз ашу үстінде асығыс шешім қабылдамай, сабыр сақтағанымыз жөн. Біз кез-келген түйткілді мәселе мен қиындықтарды ақылмен шешіп, абыроймен алып келеміз.

Қоғамдағы шиеленісті одан әрі ушықтыру, заң мен құқықтық нормаларды бұзу - бұл жағдайдың тұрақсыздануына әкеледі, мәселені шешпейді. Ардақты ағайын! Баршаңызды сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға шақырамын!", - деді Ноғаев халыққа үндеуінде.

Сонымен қатар облыс әкімі бұл жағдайдың бәрі заң аясында шешілетінін атап өтті.

"Баршамыздың мақсатымыз бір - ертеңгі күнге деген сенімділік пен елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Қазір әсіресе арандатушыларға еріп кетпей, олардың ел ішіне іріткі салып, тыныштықты бұзуына жол бермеуіміз қажет.

Бәріміздің мақсатымыз бір. Халқымыз адал еңбек етіп, атқарған жұмысына сай еңбекақысын алып, ертеңіне сеніммен қарап, сыйластықта өмір сүруді қалаймыз және оны жүзеге асыру үшін жұмыс істеудеміз", - деді өңір басшысы.

Ноғаевтың сөзінше, жағдайға қатысты заңды жауап беру үшін барлығының бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Ол кәсіпорындарда тұрақтылық пен тыныштық болуы қажет екенін атап өтті.

"Қазір Қасиетті Рамазан айы – мейірім мен рухани тазару айы. Біз сіздермен осыған дейін бірлескен күш-жігеріміздің арқасында талай сын-сағаттардан өттік оған тарих куә. Бұл түйткілді де ауызбіршілікпен, ынтымақпен еңсереміз деп сенемін. Халқымыз тыныш, ел іргесі – бүтін болсын!" ,- деді Маңғытау облысының әкімі.

Айта кетейік, 10 сәуірде Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының маңына 60-тан астам адам жиналып, "Өзенмұнайгаз" компаниясына штатқа жұмысқа алуды талап еткен. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында түсіндіргендей, жиналғандар - бұрын "ҚазМұнайГаздың" еншілес ұйымы "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай кәсіпшілігі қызметтерін көрсету бойынша тендерде жеңіліске ұшыраған "BerAli Mangistau Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері. Компания қызметкерлеріне орташа есеппен 700 000 теңгені құрайтын жалақыларын сақтай отырып, басқа компанияға ауысу ұсынылды, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз".

Алайда "BerAli Mangistau" компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер қорытындысын жоюды талап етіп, шарттардан бас тартқан.

Сонымен қатар кеше Астанада жаңаөзендік жұмысшылардың полицияға жеткізілуіне қатысты елорданың полиция департаменті пікір білдірген еді.

Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016399-mangystau-oblysynyn-akimi-nurlan-nogaev-onir-turgyndaryna-undeu-zasady/