Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұтқынына айналып отыр": депутаттар Қазақстанда жасөспірімдерге Tik-Tok желісін пайдалануына тыйым салуды ұсынды

Опубликовано:

Ер адам TikTok логотипін қарап отыр
ТikTok логотипі. Фото: Рexels.com

Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай және Жанарбек Әшімжан ата-аналарды балаларын мұқият қадағалауға және олардың әлеуметтік желілерді еркін қолдануына ерік бермеуге шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мәжілісмендер депутаттық сауалда бала тәрбиесіне қатысты мәселені көтерді.

Депутаттық сауалды жолдаған Аманжол Әлтай соңғы уақытта жасөспірімдер арасында жантүршігерлік оқиғалардың тым жиілеп кеткеніне тоқталып, бұған еліміздің әр өңірінде болған оқиғаларды мысал етті.

Оның айтуынша, жағдайды балалардың қатыгездік культін насихаттайтын кадрларды желіге салуы қиындатып отыр.

"Ұрпақ тәрбиесінде жіберілген қателіктердің түп тамыры тереңде жатыр. Нақтырақ айтсам, өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, жасөспірімдер тәрибесін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда, қоғамдық әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс құзырлы министрліктерде. Енді не істеу керек?

Елімізде ізгілікті, мейірім қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптастыру қажет. Бұл үшін бірінші мемлекетке мемлекетшілдікті, мейірімділікті, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идеология жүргізілуі тиіс", – дейді Аманжол Әлтай.

Депутаттың айтуынша, Ішкі істер министрлігі 2022 жылы заңға қайшы мазмұндағы 16 мың интернет ресурсты анықтаған.

Бұл ретте депутаттар Ішкі істер министрлігі кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауға тиіс деген ұсыныс айтты.

Сондай-ақ жасөспірімдерге Tik-Tok желісін пайдалануына тыйым салуды ұсынды.

"Өкінішке қарай, телефонға телмірген бүгінгі ұрпақ әлеуметтік желілердің талғамсыз бала санасына әсер ететін ақпарат тасқынының тұтқынына айналып отыр. Қазақстанда балалар арасында шектеусіз қызмет етіп жатқан ТікТок әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек", – дейді депутаттар атынан сауал жолдаған Аманжол Әлтай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016508-deputattar-qazaqstanda-balalar-men-zasospirimderge-tiktok-qa-tyiym-saludy-usyndy/

pixel