Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық оқушы әлемнің 26 университетінен оқуға шақырту алды

Опубликовано:

Динара Қалихан
Динара Қалихан. Фото: almaty.tv

18 жастағы алматылық оқушы Динара Қалихан әлемнің үздік 26 оқу орнынан шақырту алды. Бүгінде ол өзі білім алатын университетті таңдап үлгерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Телеарнаның ақпаратынша, Динара Қалихан - республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Ол аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға математика және бағдарламалау бойынша 200-ден астам сабақ өткізіп, білім алуына көмектеседі.

Ғылыми жобалар және спорттық жарыстардағы жеңісі үшін де көп марапатқа ие болған. Ал биыл әлемнің көш бастап тұрған 26 университетінен шақырту алған.

"8-сыныпта шетелде оқитын студенттердің суреттерін, видеоларын көре бастадым. 9 сыныпта Америка және Англияға оқуға түсу жайлы мәліметтер іздей бастадым. 10-сыныпта дайындықты бастадым", - деді Динара Қалихан.

Динараның таңдауы Google, Instagram негізін қалаушылар, АҚШ-тың 31 президенті оқыған Стэнфорд университетіне түскен. Ал ұстазы шәкіртінің білімге деген ізденісінің зор екенін айтады. Бойындағы өжеттілік пен табандылық оны көп жетістікке жетелейтініне сенімді.

"Динараның мақсаты айқын болды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шетелдік университтерге түсем деген мақсат қойды", - деді республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Жаннұр Мэлсқызы.

Озат оқушы магистратураны да сол университетте тәмамдағысы келеді. Білімін жетілдіріп, елге оралған соң, пайдалы жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін атыраулық оқушы Асқар Әлмұхамедов әлемнің ең үздік 5 университетінен шақырту алғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017304-almatylyq-oqusy-alemnin-26-universitetinen-oquga-saqyrtu-aldy/

pixel