Зектілері

Бақытты балалық шақ аумағы: «Самұрық-Қазына» елорда балаларын тегін үйірмелермен қамтамасыз етті

Жарияланған күні:

балалар шығармашылығы
Фото: Samruk Kazyna Trust

Бірнеше жылдан бері Астанадағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен тегін отбасылық аула клубтарына баруда. Жоба туралы төменде әңгімелей кетуді жөн көрдік.

«Замандас» аула клубының ғимараты тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі көңілсіз нысандарға ұқсамайды. Керісінше, бұл - жеке кіреберісі мен жарық бөлмелері бар толыққанды жайлар, әрқайсысы тақырыпқа сай безендірілген. Мұнда әр бала міндетті түрде керек үйірмесін табады. Өйткені таңдау мол.

«Замандас» отбасылық-аула клубы
Фото: Samruk Kazyna Trust

28 үйірме мен секция қатарында робототехника, қоян-қолтық күрес, қазақ және ағылшын тілдері, хореография, шахмат, вокал және тағы басқасы бар.

«Ата-анасының қалтасы қымбат үйірмелерді көтере бермейтін жеткіншектер де балдәурен балалық шақтың дәмін татып, толық дамығысы келеді. Осылайша, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан аула клубтарын дамыту жөніндегі жобаны қолдауды ұйғардық. Себебі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар да сан алуан білім, өркендеу бағыттарына қол жеткізуге тиіс», - деп түсіндіреді жобаны демеудегі мақсатты «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

«Замандас» отбасылық-аула клубы
Фото: Samruk Kazyna Trust

Осылайша жемісті ынтымақтастықтың арқасында жылына орташа алғанда 3000 бала тегін үйірмелермен қамтылып, бас қалада 6 отбасылық аула клубы мен жасөспірімдерге арналған 1 коворкинг-орталық пайда болды.

Тиісті нысандарды қаланың табысы төмен отбасылар көп тұратын аудандарында ашуға күш салынды. Әрбір ата-ана өз баласына өмірдің ең жарқын сәттерін сыйлауға асығатыны аян. Бірақ тұрмыс ауыртпашылығы бас көтертпей жатқанда, ондайға ересектердің мұршасы болмасы анық.

Жобаның тағы бір басты ерекшелігі - тек балаларды ғана емес, олардың ата-аналарын да қамтуында.

«Замандас» отбасылық-аула клубы
Фото: Samruk Kazyna Trust

«Біздің ойымызша, балалардың жүзінен күлкі кетпеуі ата-аналарының бақытты болуына байланысты. Сондықтан аула клубтарында «Бақытты отбасы» клубы жұмыс істейді. Мұнда жоғары білікті психологтар ата-аналармен және балалармен тренингтер, әңгімелесулер жүргізіп, көңіл-күйін байқайды. Егер балаға психологиялық көмек пен мінез-құлқын түзету қажет екені анықталса, психологтар ата-аналармен сырласып, қайда жүгіну керектігін түсіндіреді. Айына екі рет кеңес беріп тұрамыз», – деп баяндайды клуб жетекшісі Ләззат Алшынова.

Сонымен қатар клуб ата-аналарға арналған сабақтар өткізеді. Мысалы синтетикалық есірткінің қауіптілігі, баладағы күйзелісті қалай тануға болады, осылардың барлығы талқыланады. Нәтижесі де қуантарлық.

«Замандас» отбасылық-аула клубы
Фото: Samruk Kazyna Trust

Аналардың бірі өз жеке кәсіпкерлігін ашып, табысты дөңгелетіп әкетсе, екіншісі психолог атанып, тағы бірі «Замандас» клубына жұмысқа тұрған. Клуб басшылығы балалардың ойын нық жеткізіп, сенімді сөйлеуіне жол ашқан әдістемелер ойлап тапқан ұжымымен мақтанады.

Бала клубқа алғаш келгенде, ешкім одан бірден шахмат чемпионы немесе спорт шебері болуды талап етпейді. Оның орнына балаға бес түрлі үйірмеден таңдау жасау құқығы беріледі. Мұғалімдер баламен музыкалық есту, дауыс, спортқа икемдігі деңгейіне қарамастан айналысады. Соңында жас өреннің бойында бұққан таланты бүр жарады.

«Бірде бізге Даун синдромы бар 14 жасар бала келді. Онымен ешкім айналысқысы келмеді, бірдеңе шығатынына сенбеді. Бізде ол күй ойнауды үйренді. Ол қазір 20 жаста және әлі клубқа келіп жүр. Өйткені бәрі оның әлеуетіне сенеді», – деп келтіреді Ләззат Алшынова.

«Замандас» отбасылық-аула клубы
Фото: Samruk Kazyna Trust

«Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдаған Қазақстан үшін бірегей жоба. Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасындағы коворкинг-орталықта мектеп оқушылары мен студенттер ноутбуктерді тегін қолданып, арасында арнайы бөлмеде тынығып алады.

Бұдан тыс, коворкинг-орталықта екі психолог жұмыс істеп, тренингтер, спикинг-клуб, әртүрлі тақырыптар бойынша волонтерлік курстар, шақырылған мамандардың дәрістері өткізіледі.

«Замандас» отбасылық-аула клубы
Фото: Samruk Kazyna Trust

«Samruk-Kazyna Trust» қорымен көпжылдық ынтымақтастығымыздың құпиясы – балалардың дамуы қысқа мерзімді уақытша нәрсе емес, жарты жолда тастауға болмайтын ұзақ процесс екенін байыптауда», - деп есептейді Ләззат Алшынова.

«Samruk-Kazyna Trust» Қамқоршылар Кеңесі 2022 жылы 10 млрд теңгеге 43 әлеуметтік жобаны мақұлдады. Нәтижесінде 500 мың қазақстандыққа, оның ішінде 55 мың балаға және ауылдық жерде тұратын 95 мың қазақстандыққа қолдау көрсетілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017410-baqytty-balalyq-saq-aumagy-samuryq-qazyna-elorda-balalaryn-tegin-uiirmelermen-qamtamasyz-etti/