"Шардарадан Шиеліге дейін": Түркістан облысының тұрғындары қалың шіркейдің шырмауында қалды (видео)
Жарияланған күні:
Түркістан облысында бірнеше ауданның тұрғындары шіркейдің шырмауында қалды. Төрт-бес күннен бері шіркейден мезі болған олар далаға шығудан қалған. Тұрғындардың сөзінше, тіпті ірі қара малдың жаңа туған төлі де шіркейге шыдамай өліп кетіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Жүгірген аң да, ұшқан құс та мына шіркейден қимылдай алмай қалды. Балалар сыртқа шығып ойнаудан қалды. Мына шіркейге не амал қылуға болады? Жұмыртқасынан жаңа жарып шыққан қырғауылдың балапандарын да жеп қойып жатыр. Қоянның көжектерін де жеп қойып жатыр. Жылқының, сиырдың жаңа туған төлі де шіркейге шыдай алмай өліп кетіп жатыр. Бұған не істеуге болады?", - дейді отырарлықтар.
Отырар ауданы Балтакөл ауылының тұрғындары шіркейге таланып жүргеніне 4-5 күн болғанын айтады.
"Бет-мойынды тұмшалап, киімімізді қымтап жүруге мәжбүрміз. Төрт-бес күннен бері бүкіл ауыл таланып жатыр. Жел тұрса, шамалы тыйылады. Не амал қыламыз енді?" - дейді ауыл тұрғындары.
Табиғат жанашыры Ғани Назарбектің айтуынша, шіркей Түркістан облысының бірнеше ауданын басып алған.
"Жетісайда қатты көп емес, бірақ бар, шіркей Шардарадан бастап Шиеліге дейін жалғасып жатыр, қаншама халық зардап шегіп отыр, 1 млн-нан асады. Бұл табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан", - дейді ол.
Осыған қатысты портал тілшісіне пікір білдірген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі облыс көлемінде жәндіктер мен өзге де зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысына сәйкес дернәсіл шіркейлермен күресу үшін "bacillus thuringiensis" негізінде бактериялық препараттарды суға жіберу әдісі қолданылса, су қорғау аймақтарын, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елдімекен, демалыс аумақтарда химиялық инсектицидтер өңдеу әдісін қолдану арқылы тиісті дәрілеу жұмыстары атқарылуда.
Аталған жұмыстар Түркістан облысының аумағында 2023 жылға арналған жәндіктер мен буынаяқтылардың санын азайту бойынша зиянкестермен күресу шаралары аясында жүзеге асуда. Арнайы мамандардың қатысуымен зиянкестерді жою шаралары жалғасып жатыр, дәрілеу жұмыстарының аяқталу уақыты алдағы уақытта қосымша хабарланады", - дейді әкімдік өкілі.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018034-sardaradan-bastap-sielige-deiin-turkistan-oblysynyn-turgyndary-sirkeidin-syrmauynda-qaldy-video/