Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АХАТ қызметкерлері осы саланың қызметін ХҚКО құзырына беруге наразылық білдіріп, жанайқайын айтты

Опубликовано:

Құжаттар
Туу туралы куәлік. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

АХАТ органдарының қызметкерлері осы саланың функциясын "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының құзырына беруге наразылық білдіріп, KAZ.NUR.KZ редакциясына хат жолдады. Онда мамандар бұл шешімнің халыққа несімен тиімсіз екенін айтып, жанайқайын жеткізген.

Айта кетейік, қазіргі таңда бұл сала жергілікті атқарушы органдардың құзырында жұмыс істейді.

АХАТ қызметкерлерінің сөзінше, бір ғасырдан аса тарихы бар саланың функцияларын ХҚКО құзырына беру ақылға қонбайды.

"Біріншіден, бұл қадам "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 177 бабына қайшы. Осы бапқа сәйкес, азаматтық хал актілері мемлекеттік тіркеуге жататындықтан, басқа мемлекеттік мекемелерде немесе мемлекеттік емес ұйымдарда мемлекеттік тіркелуіне тыйым салынады.

Сонымен қатар, АХАТ органдары бала асырап алудың құпиясын сақтауға міндеттеліп, оны заңмен қорғайды. Сол сияқты басқа да құпия жазбалар АХАТ қызметі арқылы жүргізіледі", - деп жазады олар хатта.

АХАТ қызметкерлерінің айтуынша, ХҚКО мамандары - тек құжат қабылдау және дайын құжатты беруде мемлекеттік мекеме мен қызмет алушының арасындағы байланыстырушы.

"2020 жылы пандемия кезінде АХАТ қызметкерлері өз денсаулығына қауіп төніп тұрса да, күнделікті табиғи қозғалысты - туу, қайтыс болу, некені қию, некені бұзу, атын, тегін өзгерту, бала асырап алу, әке болуды анықтауды акт жазбаларын қалпына келтіру, жоюмен айналысып, азаматтарды қабылдаса, ХҚКО халық көп топтасатын орын ретінде карантин режимін сақтап, жабық болған", - деп атап өткен хатта олар.

АХАТ саласының қызметкерлері тағы бір маңызды мәселені көтеріп отыр. Олар алдағы уақытта мемлекеттік қызметкер мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін екенін айтады. Хатта 20-30 жыл қызмет өтілі бар АХАТ мамандары мемлекеттік қызметте жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндігі жоқ болуына байланысты басқа органдарға ауысып жатқаны жазылған.

Сондай-ақ аталған хатта АХАТ қызметкерлері осы саласының функцияларын "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына құзырына бермей, аудан әкімі аппараты жанынан жеке "Аудандық АХАТ бөлімі" ретінде жеке мекеме құрылсын деген талап қойып отыр.

АХАТ қызметкерлерінің талабына қатысты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы пікір білдірді. Корпорацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, АХАТ функциясын корпорацияға беру мәселесі 2021 жылдың наурыз айынан бастап жоспарланған. Үкіметтің тапсырмасына сай осы мәселені жоспарлау кезінде мемлекеттік органдармен хат алмасу жүрген.

"Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың пікірі де зерделенді. АХАТ функциясын жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік корпорацияның қарамағына беру мәселесі бойынша түзетулер "Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді.

Парламенттегі жұмыс тобының отырысы шеңберіндегі заң жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен жергілікті атқарушы органдары қолдады.

2022 жыл 14 шілдеде тиісті заң қабылданды", - делінген хабарламада.

Корпорация аталған заңды іске асыру үшін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге, оның ішінде "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы" туралы кодексі, Салық кодексіне өзгеріс енгізілгенін атап өткен.

"АХАТ функцияларын мемлекеттік корпорацияның қарамағына беру мәселесін Әділет министрлігі де талқылап әрі қолдады. Бекітілген заңды іске асыру мақсатында жоспарланған шара мен жұмыс процесі жүріп жатыр.

АХАТ функциясы жергілікті атқарушы органның қарамағында қалып, жеке дербес құрылым болуы мемлекеттік корпорацияның құзыретінен тыс мәселе", - деп жауап берді АХАТ қызметкерлерінің талабына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017352-axat-qyzmetkerleri-osy-salanyn-qyzmetin-xqko-quzyryna-beruge-qarsylyq-bildirip-zanaiqaiyn-aitty/

pixel