Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте өздігінен жүріп кеткен автобус апаты: оқиғадан санаулы секунд бұрын жүргізуші қайда болған

Опубликовано:

асхананың іші
Автобус жүргізушісі. Видеодан кадр: Youtube/ Көреміз

Шымкентте жүргізушісі жоқ автобустың қатысуымен болған жол апатына қатысты тың дерек пайда болды. Апат болған сәтте жүргізушінің қайда болғаны аялдаманың артындағы асхананың бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Оқиғадан санаулы секундтар бұрынғы бейнежазба Көреміз ток-шоуында көрсетілді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

8 сәуірде Шымкентте болған жантүршігерлік жол апатына қатысты видеоны бағдарламаға автобус өздігінен қозғалып кеткен аялдама маңындағы асхана қызметкерлері ұсынған.

Видеодан автобустың қалай жылжығаны мен жүргізушінің қайда және қандай мақсатпен кіргенін анық байқауға болады.

"Дәретхана іздеп жүр, тез жүгіріп түседі. Іштен дәретхана іздейді. Жүргізуші бұрын бұл асханаға кірмеген секілді. Өйткені дәретхананың қайда орналасқанын білмегені аңдалады. Асығыс екені жүрісінен көрініп тұр", - деп сипатталады видеода автобус жүргізушінің қимылы.

Алайда дәл осы кезде автобус орнынан қозғалып кеткен.

Шымкенттегі автобус
Шымкентте алты адамды қағып кеткен автобус. Видеодан кадр: Youtube/ Көреміз

"Міне автобус жылжып жатыр. Ішінде ешкім жоқ. Аялдамада тұрған әйел "жүргізушісі қайда" деп айтып жатыр", - дейді видеоны көрсеткен кадр сыртындағы адам.

Бағдарлама дерегінше, автобустың қозғалғаны мен жүргізушінің сыртқа шыққанының арасы бар болғаны 30-ақ секунд. Автобустың орнында жоғын көрген жүргізуші жүгіре жөнелген. Бірақ бәрі кеш еді. Тізгінсіз автобус көзді ашып-жұмғанша тілсіз жауға айналған.

Осы ретте бағдарлама жүргізушісі Руслан Өтепбай көрермендерді автобус жүргізушісіне қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелерді айтуды доғаруға шақырды.

"Ол тамақ ішуге, демалуға емес дәрет сындыруға шыққан", - дейді Руслан Өтепбай.

Студияға сондай-ақ осы автобус жүргізушісінің жары Жанат Кемелова да келді.

Ол желіде тараған күйеуінің қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ Жанат Кемелованың айтуынша, сол күні күйеуі үйінде демалып жатқан. Апаттан бір сағат бұрын ғана өзге адамның орнына жұмысқа шыққан.

"Қазір ол изоляторда отыр. Кеше ағам кіріп шыққан. Жағдайы жақсы. Әрине оңай емес мұндай жағдайға түсіп тұрғаны. Бес баламыз бар, үлкен балам 28-де, одан кейінгі қызым тұрмыста. Содан кейін тағы үш балам бар, екі кіші қызым мектепте оқиды.

Күйеуім 2003 жылдан бері жүргізуші. Қоғамдық көлікті айдағанына екі жылдан асып қалды. 8 сәуір күні күйеуімнің демалысы еді. Таңертең мен жұмысқа кеткенде ол үйде еді. Екінші күн демалып жатқан. Кейін сұрасам, әріптесі "менің орныма шығып берші" деп хабарласқан. Шамамен сағат бестен кейін телефон шалған. Әріптесі ауызашарға бару үшін күйеуімді шақырған. Бұл жағдай сағат 18:30 шамасында болды", - дейді ол.

Әйелдің сөзінше, автопарк бар жауапкершілікті күйеуіне артуда.

"Автопарк басшылығының ешқайсысын көрген жоқпын. Олар жауапкершілікті алып жатқан жоқ, бәрін менің күйеуіме аударып отыр. Ал күйеуім автобусты қол тежегішіне қойдым дейді. Нақты жауабы сол", - дейді Жанат Кемелова.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұйымдастырған жиында автопарк директоры өз нұсқасын айтқан болатын. Оның сөзінше, автобус жүргізушісі соңғы аялдамаға келіп тоқтап, "дәретханаға барып келейін" деп, автобусты сөндірмей, қол тежегішін тартпай, автобус есігін жауып, шығып кеткен.

Еске салсақ, 8 сәуірде Шымкенттегі "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушіcі жоқ автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған алты адамды қағып кеткен еді. Осы қайғылы жағдайдан 5 адам қаза тапты. Тағы бірі ауруханада жатыр. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018615-symkentte-ozdiginen-zurip-ketken-avtobus-apaty-oqigadan-sanauly-sekund-buryn-zurgizusi-qaida-bolgan/

pixel