Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жылдар өтсе де сол күйінде сақталып қалған": Түркістан облысында әйгілі Қажымұқанның кеудесінде сынған тас табылды (фото)

Опубликовано:

Қажымұқан Мұңайтпасұлы
Қажымұқан Мұңайтпасұлы: Мұрағаттағы фото

Түркістан облысында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының кеудесінде сынған тас табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттіктің мәліметінше, Созақ ауданындағы Шаға елдімекеніне қарасты Ағалақ ауылынан табылған тас үшке бөлініп кеткен. Әр бөлікті бес жігіт әрең көтеріп, көлікке салған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұның өзі Қажымұқанның кеудесінде сынған тастың төрттен бір бөлігі ғана.

"Тарихи тасты тауып, бізге хабарласқан Шаға ауылының тұрғыны Қабыл Қостаншаев пен Ағалақ елдімекенінің тұрғыны Бауыржан Әбенов есімді азаматтарға үлкен алғыс айтамын. Сол күні ауданның белсенді азаматы Бақдәулет Баймұсаев екеуміз Шаға ауылына жол тарттық. Арада қаншама жылдар өтсе де тастар сол күйінде сақталып қалыпты", - дейді өлкетанушы Мақсат Қарғабай.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Қажымұқан Мұңайтпасұлы Созақ жеріне Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары келген. Өңірдегі қырық колхозды аралап өнер көрсетіп жүріп, Шаға елдімекеніне қарасты Ағалақ ауылына тоқтаған.

Сонда елдің көзінше кеудесіне үлкен тасты қойдырып, жігіттерге ауыл ұстасы жасаған сом балғамен ұрғызып, сындыртқан.

"Менің анам Тұрғанкүл Бәйшеқызы Қажымұқан палуанды өз көзімен көрген. Кеудесіне қойылған тасты сындырған оқиғаның да куәгері болған. Кейіннен ауыл адамдары ол тасқа ешкімді тиіскізбеген. Алғашқыда ошақ жасау үшін бір-екі адамдар алмақшы болғанда, қариялар тиып тастапты", - дейді Бауыржан Әбенов.

Бүгінде Қажымұқанның кеудесінде сынған тас Шолаққорған ауылында орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұр.

Қажымұқанның кеудесінде сынған тас
С. Қожанов атындағы музейде тұрған Қажымұқанның кеудесінде сынған тас. Фото: С. Қожанов атындағы тарихи өлкетану музейі

Музей директоры Ниязәлі Дүйсенбек жастарды өлкенің тарихымен таныстыру бағытында бұл жәдігердің маңызы жоғары болатындығын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019073-zyldar-otse-de-sol-kuiinde-saqtalyp-qalgan-turkistan-oblysynda-kus-atasy-qazymuqannyn-keudesinde-syngan-tas-tabyldy-foto/

pixel