Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Halyk» қоры 1500 жанұяға азық-түлік себетін үлестірмек

Опубликовано:

"Халық" қайырымдылық қоры
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

«Halyk» қайырымдылық қоры 1500 жанұяға азық-түлік себетін үлестірмек. Қор қазірдің өзінде Алматы облысындағы 500 отбасыға азық-түлік себетін таратқан. Қор өкілдері мұндай көмек түрі жыл соңына дейін бірнеше рет ұйымдастырылатынын айтады.

2016 жылы жұмысын бастаған қор еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға, сондай-ақ ерекше күтімдегі балаларды тәрбиелеп отырған жандар мен көпбалалы аналарға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатыр.

«Halyk» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін үлестіру - қолға алынған істің тек бір бөлігі. Қор 2020-2021 жылдары 100 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын таратты. Оған 2,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

"Халық" қайырымдылық қоры
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

«Қайырымдылық көмек көрсетілетін отбасылардың тізімін жергілікті атқарушы органнан алып жатырмыз. Ол үшін бізге арнайы келіп, тіркелу қажет емес. Жыл соңына дейін осындай қайырымдылық шарасын бірнеше рет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Берілетін азық-түлік себетінің салмағы 47 килограмм. Оның ішінде әр отбасыға қажет, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар», - дейді қордың Алматы облысы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Аталмыш игі істің аясында азық-түлік себетінің 500-і Алматы облысындағы тұрғындарға беріледі. Алғашқы көмекті Талғар ауданынан бастаған қор ұжымы ауданды аралап, тізімдегі отбасыларға барып, азық-түлік себеттерін табыстап шықты. Көмек алғандардың қатарында 4 баланың анасы Гүлжан Ахметжан да бар. Ол 2018 жылы Қазақстанға Қытайдан көшіп келген. Алғашында пәтер жалдап күн көрген отбасы бүгінде Талғар қаласында үй тұрғызып жатыр.

"Халық" қайырымдылық қоры
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

«Қытайда 2 баламыз мектепте болды. Ол балаларға қытайша сөйлеу міндеттелді. Содан «біз қазақпыз ғой, неліктен атамекенімізге бармаймыз» деген шешімге келдік. Осылайша, 2016 жылдан бастап іске кірістік. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты кедергілерге тап болдық. Кейін 2017 жылы қайта шекара ашылғанда көшуге тырыстық. 7-8 айда құжаттарымызды дұрыстап жоспарды іске асырдық. Балаларымның үлкені 8-сынып оқиды. Кенжесі 8 айлық.

Көмектесіп жатқандарыңызға рахмет. Істеріңізге сәттілік, бастарыңызға амандық тілеймін», - дейді қатты қуанған көпбалалы ана.

«Мемлекеттік жәрдемақыға күн көріп отырмын» деген Пинара Болатқызы да қор көмегіне дән риза.

«Сіздерге көп-көп рахмет. Алғысым шексіз. Елеп, ескеріп, осындай азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқандарыңызға. 3 балам бар, жолдасым тастап кеткен. Осы әкімдік қызметкерлерінің арқасында арнайы әлеуметтік көмек алып жүрмін. Тіркеуге тұрғызып берді. Сол мемлекет төлейтін жәрдемақымен күн көріп отырмын», - дейді Пинара Болатқызы.

"Халық" қайырымдылық қоры
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

Әрине, бұл қайырымдылық жобалар аясында қордың жүзеге асырып отырған игі істерінің тек бір бөлігі ғана. Қор инфрақұрылымдық бағытта бірқатар іске мұрындық болып келеді. Алдағы уақытта кәсіпкерлікке бағыт-бағдар көрсету ісін де жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019593-halyk-qory-1500-zanuyaga-azyq-tulik-sebetin-ulestirmek/

pixel