Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде тасқын кезінде жұмыс істеген көлік жүргізушілері тиісті еңбекақысын бірнеше айдан бері алмаған

Опубликовано:

Ақтөбеде тасқын кезінде жұмыс істеген көлік жүргізушілері
Ақтөбеде тасқын кезінде жұмыс істеген көлік жүргізушілері. Скриншот: КТК арнасы

Ақтөбеде көктемгі тасқын кезінде жұмыс істеген 50-ден астам көлік жүргізушісі екі айдан бері ақшасын ала алмай жүр. Олар бір ай бойы техникасымен су сорғызу жұмысын атқарған, деп хабарлайды KTK арнасы.

Арна мәліметінше, биыл күн күрт жылынып, қаланың біраз бөлігін су алған. Көлік жүргізушілері қиын кезде күні-түні ұйқы көрмей жұмыс істеген.  Еңбекақысын да бірден беруге шенеуніктер уәде еткен. Бірақ кейін ақша да жоқ, хабар да болмай қалыпты.

Сонымен қатар арна айтуынша, ассенизатор жүргізушілері өңірдегі Қобда ауылына өз еркімен барып, су басқан аумаққа көмек берген.

"Ақшамызды ала алмай жүрміз. Наурыздан сәуірге дейін жұмыс істедік. Еңбегімізді сұрап келіп тұрмыз. Мерекелер бітті. Сылтаулары - "Келесі апта, екі-үш күн, әне келіңіздер, міне келіңіздер". Бізде де шаруа, несиелеріміз бар", - деді көлік жүргізушісі Айдын Жайғарин.

КТК арнасының мәліметінше, Ақтөбе қаласындағы су сору жұмысын жүргізген екі серіктестіктің бірімен әкімдік есептесіп қойған. Оларға 100 миллион теңгеге жуық қаржы төленген. Ал елу төрті өзіне тиесілі 70 миллион теңге шамасындағы қаржыны ала алмай жүр. Дегенмен олармен кездесуге шыққан әкімдік өкілі "мәселе жақында шешіледі" деп уәде берді.

"130-дан астам АС машинасы жұмылдырылды. Төлеміне байланысты келетін болсақ, алдыңғы аптада елу пайызына жуық төлем жасадық. Кеше сессиядан толық ақшамызды бөлді. Келесі аптада анықтамаға отырады. Келесі апта толық төлейміз", - деді Ақтөбе ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020175-aqtobede-tasqyn-kezinde-zumys-istegen-kolik-zurgizusileri-tiisti-enbekaqysyn-birnese-aidan-beri-almagan/

pixel