Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Болашақтағы Орталық Азия: Алматылықтар Jusan Vibe алаңындағы көрмеден не көре алады

Опубликовано:

Jusan Vibe
Фото: Jusan Bank

Jusan Vibe алаңында кезекті көрме ашылды: Futuristan атты жаңа көрмеде көпшілік назарына 18 автордың өнер туындысы ұсынылған. Өнер иелері сурет, мүсін және технология арқылы жасаған шығармалары арқылы Орталық Азияның болашағы туралы өз идеясын жеткізген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көрме кураторларының бірі Анвар Мусрепов аталған іс-шараның атауына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, көрменің бұлай аталуына әзербайжандық суретші Баби Бадаловтың қатысы бар, нақтырақ айтқанда, өнер иесінің 2019 жылы Astana Art Show фестивалі аясында өткен Racing the galaxy көрмесіндегі жұмысы әсер еткен.

«Көрме – Орталық Азия аймағының болашағына көз жүгіртуге таптырмас мүмкіндік. «Афрофутуризм» терминінің авторы Марк Дери ХХ ғасырдағы ғылыми фантастиканың басым бөлігін америкалық, еуропалық жазушылар жазған дейді. Алайда олар еуропалық емес кез келген мәдениет өкілдерін болашақ проекциясынан алып тастайны бар. Сол себепті осы бір көрме арқылы өлкемізде футуризмді қалыптастырып, Орталық Азия елдері болашағын көрсетсек деген ниеттеміз», — дейді көрме кураторы.

Анвар Мусрепов
Фото: Jusan Bank

Сондай-ақ Анвар Мусрепов идея дағдарысында жүрген қазіргі қоғам туралы ойын айтты.

«Адамдар болашақ дегенде қиял-ғажайыптың мыңдаған қаруын елестетеді де, геосаяси қақтығысы, өндірісі жоқ әлем туралы мүлде ойламайды. Ал көрмеге қойылған туындылар утопиялық болашақты позитив түрде көрсетеді», — дейді ол.

Аталмыш көрмеде суретші Аружан Мұқанның үш бірдей жұмысы қойылыпты. Бір қызығы - автор туындыларына атау бермеген. Оны көрермен еншісіне қалдырған.

Аружан Мукан
Фото: Jusan Bank

«Бір туындымда өз автопортретімді бейнеледім, бұл — менің ішкі күйім десем де болады. Ал екінші туындымда басы жоқ жануардың денесін салдым. Көбі «құрбан шалумен байланысы бар ма?» деп сұрайды. Жоқ, олай емес. Меніңше, бұл — біздің ұлы даламыздың рухы. Болашақта технология жетістігін көрсек те, болмысымызға, қалпымызға қайтып келеміз, одан ешқашан қаша алмаймыз», — дейді суретші.

Нурдаулет Айдосов
Фото: Jusan Bank

Осы ретте Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов Jusan Vibe алаңы шығармашылығымен қоғамның маңызды тақырыбын қозғайтын авторларды әрдайым қолдауға дайын екенін айтады.

«Біріншіден, өнер — сұлулық. Біреулер онымен үйін безендірсе, біз Jusan Vibe кеңістігімізді көркейттік. Екіншіден, бұл — заманауи өнер. Оның артықшылығы авторлардың қоғамға бір ой жеткізгісі келетінінде. Қазіргі уақытта өзекті тақырып көп: гендер мәселесі, экологияның нашарлағаны және тағы басқа. Бүгінгі шараның тақырыбы — болашаққа деген көзқарас біз үшін қызық әрі маңызды болып көрінді, сол себепті қолдағанымыз дұрыс деп шештік. Осылайша, біз елдегі мәдениетті дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселені көтеруге және алматылықтарға, оның ішінде Jusan қызметкерлеріне ерекше орта қалыптастыруға атсалысамыз», - дейді Нұрдәулет Айдосов.

Jusan Vibe
Фото: Jusan Bank

Айта кетейік, көрмеге өзге де елдердің өнер иелерінің шығармалары қойылған. Олардың туындыларынан әркімнің болашақ туралы ойы әртүрлі екенін байқауға болады. Мәселен, мұнда Саид Атабеков, Алмагүл Меңлібаева, Азиза Шаденова, Баби Бадалов, Шамиль Гулиев және т.б. танымал суретшілердің туындыларын табуға болады.

Jusan Vibe алаңындағы Futuristan көрмесі барып көруге тұрарлық ерекше мәдени іс-шара. Көрменің есігі әркімге ашық. Мекенжайы: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 36.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020229-bolasaqtagy-ortalyq-aziya-almatylyqtar-jusan-vibe-alanyndagy-kormeden-ne-kore-alady/

pixel