Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқандай жағдай жоқ": 30 жыл бойы жалғыз құдыққа қарап отырған Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындары жанайқайын айтты

Опубликовано:

Су тасып жүрген ауыл тұрғындары
Құдықтан су тасып жүрген ауыл тұрғындары. Видеодан кадр: "Хабар24"

Жамбыл облысындағы Әбілқайыр ауылының тұрғындары 30 жылдан бері жалғыз құдыққа қарап отырғандарын айтып, жанайқайын жеткізді. Кеңес кезінен қазылған құдықтан адам да, мал да су ішеді, деп хабарлайды Хабар 24 арнасының сайты.

Телеарнаның мәліметінше, тұрғындар ауыз суды ауылдағы 60 жыл бұрын салынған жалғыз артезиан құдығынан алады.

Бүгінге дейін тұрғындар бөшкелерге су толтырып, сай саланы аралап, суды үйлеріне тасып ішуге мәжбүр.

Ал жаңбыр жауған күні жер-көктің бәрі батпақ болып, су тасу тіпті қиындай түседі, дейді ауыл тұрғындары.

"Батпаққа кіріп, суды шығара алмай, бала-шаға, кемпір-шал құлап, қыстыгүні де тайып, құлап жығылып, жарақат алғандар да бар. Ешқандай жағдай жоқ. Шомылатын душ, ванна жоқ. Қазіргі заманда енді ауылдық жерлерде бәрі болып жатыр ғой. Ал біз пәленбай ғасырдағыдай өмір сүріп жатырмыз", - дейді ауыл тұрғыеы Омар Биқоңыров.

Телеарнаның хабарлауынша, ауыл азаматтары бұған дейін өз ауласынан құдық қазып, су шығармақшы болған. Бірақ таулы аймақта артезиан суы 150-200 метр тереңдіктен кейін шығатындықтан, құдық қазу мүмкін болмаған.

Ал тұрғындардың назына қатысты жауап берген Т. Рысқұлов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысының айтуынша, тиісті қаржы бөлінсе, ауылға ауызсу желісін тарту мәселе шешіледі.

"Әбілқайыр ауылына биылғы жылға кешенді блокты модуль қою жоспарланып отыр. Сол кешенді блоктың модуль қойылуы үшін 56 млн теңгенің сметасы дайындалып, бюджеттік өтінім тапсырылды. 56 млн теңге бөлінсе, мәселе шешіледі", - дейді Т. Рысқұлов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қабілет Әбдірахманов.

Ауыл тұрғындарының мәселесі нақты қашан шешілетіні белгісіз. Бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданындағы 42 елдімекеннің 32 елдімекеніне су тартылған. Ал толық су тарту жұмыстарын аяқтау үшін тағы екі жыл қажет дейді жергілікті билік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020236-esqandai-zagdai-zoq-30-zyl-boiy-zalgyz-qudyqqa-qarap-otyrgan-zambyl-oblysyndagy-auyl-turgyndary-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel