Зектілері

Шымкент тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отырғанын айтып, жанайқайын жеткізді (видео)

Жарияланған күні:

Шымкент іргесіндегі қолаңса иіс шығатын аймақ
Шымкент іргесіндегі қолаңса иіс шығатын аймақ. Видеодан кадр: almaty.tv

Шымкент іргесіндегі бірнеше шағынауданның тұрғындары қалдық судың жағымсыз иісіне тұншығып отырғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Тұрғындардың шағымына қатысты қала әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

Телеарна мәліметінше, Шымкент шетіндегі бірнеше шағынаудан тұрғындары 5 жылдан бері кәріз жүйесінің қалдығына тұншығып отырғанына шағымдануда. Жағымсыз иіс әсіресе соңғы 10 күнде күшейген.

"Тыныс алудан қалдық" деген көпшілік бұл жолы үнсіз қалмай, қарсылық білдіруге жиналған.

"Бүкіл Шымкенттің кәріз жүйесінің қалдығы төгіледі. Оны барып, көріп, не айтқанды тыңдап жатқан адам жоқ. Құр уәдені беріп кетеді", - дейді қала тұрғыны Әлия Серікбаева.

Тағы бір тұрғынның сөзінше, жел тұрса, Самал-3, Бекжан, Алаш, Ынтымақ, Нұршуақ-1, Достық, екінші Нұршуақ шағынаудан тұрғындары қолаңса иістен дем ала алмай қалады.

"Бір ай көлемінде тыныс алу мүлдем қиындап кетті. Қоспаны қоспай жатыр ма, білмейміз", - дейді қала тұрғыны Гүлжанар Жұматаева.

Жиналған ауыл тұрғындарының шағымына қатысты жауап берген қала әкімінің орынбасары қолаңса иіс шығатын аймақ қоршалатынын айтты.

"Қазіргі кезде осы қалдықтың бетін тұзбен көмеміз. Тұздың сіңіріп алу қабілеті бар. Осы жерді қоршау жұмыстарын бастаймыз. Шілде айының соңына дейін қоршауды бітіреміз", - дейді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Көпшіліктің айтуынша, бұған дейін әкімдіктегілер иісті кетіретін құрылғы қондырамыз деп уәде берген. Бірақ жоспар өзгеріп, 2025 жылы Түркістан облысы аумағынан кәріз тазалау орталығының құрылысы басталатын болып шешілген. Ал оның қашан аяқталары белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020717-symkent-turgyndary-nazis-iisine-tunsygyp-otyrganyn-aityp-zanaiqaiyn-zetkizdi-video/